ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының Ресей-Беларусь шекарасы арқылы өтуін шектеуге байланысты кедергі жойылды

2025 жылғы 11 қаңтарда Ресей Федерациясының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Визаларды өзара тану туралы және 2020 жылғы 19 маусымдағы Одақтас мемлекет құру туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің аумағына шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың кіруіне байланысты өзге де мәселелер бойынша келісім күшіне енді.

Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы Еуразиялық экономикалық комиссияға Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтарының қазіргі уақытта Ресей Федерациясына Беларусь Республикасынан кіруді және Ресей Федерациясынан Беларусь Республикасына халықаралық теміржол және әуе қатынастарының пайдаланылатын жолдары бойынша, сондай-ақ Келісімге қосымшада көрсетілген (алты учаске) автомобиль қатынасы жолдары бойынша шығуды жүзеге асырудың практикалық мүмкіндігі бар екенін хабарлады.

Бұған дейін Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтары Ресей Федерациясына Беларусь Республикасынан кіріп, Ресей Федерациясынан Беларусь Республикасына тек авиациялық көлікпен кете алатын. Екі елдің географиялық жақындығын ескере келгенде, бұл шығынды болды және әрдайым ыңғайлы бола бермеді. Келісімнің күшіне енуі арқасында Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтары Беларусь-Ресей шекарасынан автомобиль көлігімен де, теміржол көлігімен де өте алатын болды.

2025 жылғы 15 сәуірде Комиссия Алқасы аталған кедергіні жою туралы мәселені қарады.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Комиссияның бірлескен жұмысының арқасында Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтары Ресей-Беларусь шекарасы арқылы еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болды. ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы кедергілерді жою бойынша жүйелі жұмыс үздіксіз жүзеге асырылады және жалғастырылатын болады. Бұл мән-жайдың біздің елдеріміздің арасында адамдардың жүріп-тұруы мен еңбек ресурстарының еркіндігін практикалық іске асыруға оң әсер ететіні сөзсіз, сондай-ақ Одақта ішкі туризмнің дамуына ықпал ететін болады", — деп атап өтті ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Варос Симонян.