ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім жобасы бойынша соңғы келіспеушіліктер жойылды
Еуразиялық экономикалық одақта келіспеушіліктер мен даулы жағдаяттарды жою және тауарлардың еркін орын ауыстыруын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі комитеттің 22 қыркүйекте болып өткен отырысында ЕАЭО мемлекеттерінің өкілдері ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім жобасының жекелеген ережелерін келісуді аяқтады. Отырысты Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович жүргізді.

Келісім жобасымен жұмыс бес жылға жуық уақыттан бері жүргізіліп келеді. Осы жылғы 14 қыркүйекте жоба Комиссия Кеңесінің мүшелеріне ұсынылды, алайда оны талқылау қорытындысы бойынша тараптардың бірқатар ұсыныстарымен келісуге қол жеткізілген жоқ. Комитет отырысында Келісім жобасын талқылау келісілген позицияларды тұжырымдауға және тараптардың барлық ұсынысын ескеруге көмектесті.

«Комиссия Кеңесі отырысы барысында жобаны қайтадан мемлекетішілік келісімге жіберуге шешім қабылданды. Бұл ретте тараптар оны бір айлық мерзімде жүргізуге өздеріне міндеттеме алды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін Келісім ЕАЭО мемлекеттері басшыларының қол қоюы үшін дайын болады деп санаймыз»,- деп атап көрсетті Михаил Мясникович.

Келісім жобасы навигациялық жерсеріктік жүйелер технологиялары негізінде жұмыс істейтін техникалық құрылғыны теміржол және автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде пайдалануды көздейді. Құжат қадағалап отыру объектілерін, тасымалдарды қадағалап отырудың жағдайлары мен шарттарын айқындайды.

Комитет қырғыз тарапының бастамасы бойынша және Комиссия Кеңесінің тапсырмасы бойынша Одақтың ішкі нарығында қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлардың өткізілуін бақылауға қатысты бірыңғай тәсілдемелер жоқ екендігі туралы мәселені де қарады.

Пікір алмасу нәтижесінде Михаил Мясниковичтің Одақ ішіндегі бақылаудың жалпы қағидаттары мен механизмдері туралы келісім әзірлеу бастамасы қолдау тапты. Бұл мәселеге кеңірек келуді қамтамасыз етеді және тараптарға тексеру қандай жағдайда әрі қалай жүзеге асырылатыны жайында дәл түсінік береді.

«Комиссия мен елдердің міндеті - ЕАЭО туралы шартпен ғана шектеліп қалмай, Одақты дамытумен жұмыс істеу»,- деп атап өтті Михаил Мясникович.

Тиісті баяндама Комиссия Кеңесіне ұсынылатын болады.

Бұдан басқа, Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Беларусь пен Ресей арқылы Еуропадан өткізілетін карантинге жатқызылған өнім мәселесін қарады.

Қазақстан тарапының бастамасына негіздей келгенде, Беларусьтің жөнелтуші берген фитосанитариялық сертификаттарды тануында қиындықтар орын алды.

Комиссияның ішкі нарықтар блогы жүргізген консультациялар нәтижесінде проблемалық жағдаяттың жөнелтушінің фитосанитариялық сертификаттарды толтыру тәртібін бұзуынан пайда болғаны анықталды және бүгінгі таңда проблема шешімін тапты, Беларусь өкілдері сертификаттарды толтыру бойынша түсіндірме берді.

Тараптар бұл жағдаят мониторингін жалғастыруға уағдаласты.

Скачать исходники фотографий