Арменияда Еуразиялық үкіметаралық кеңес өтті

24-25 тамызда Цахкадзорда (Армения) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына Еуразиялық экономикалық одақ елдері үкіметтерінің басшылары, атап айтқанда ЕҮК Төрағасы, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинетінің Төрағасы Ақылбек Жапаров, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

ЕҮК мүшелері ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестерді тереңдету мәселелерін және Одақты дамытудың орта және ұзақ мерзімді перспективаларына арналған стратегиялық векторларды талқылады. Бұған дейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Төрағасы, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына арналған Жолдауында ЕАЭО-ның ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеуді 2023 жылы бастау ұсынылған болатын.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 26-27 қазанда Бішкек қаласында (Қырғызстан) өтетін болады.