ЕАЭО-да кооперациялық және экспорттық әлеуеті мейлінше үлкен өнеркәсіп салалары айқындалды

8 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы "Шикізаттық емес, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жоғары технологиялық өнімдерін бірлесіп экспорттау үшін перспективалы нарықтар мен өнеркәсіп салаларын талдау қорытындылары туралы" баяндаманы мақұлдады.

Баяндамада кооперациялық және экспорттық әлеуеті мейлінше үлкен жоғары технологиялық салаларды қоса, өнеркәсіптің салалары айқындалды. Бұлар, атап айтқанда, химия, металлургия, фармацевтика, электрондық-оптикалық сала, автомобиль және авиация өнеркәсібі.

Құжатта баяндалған ұсынымдар өнеркәсіптің басым салаларының өсуін қамтамасыз етуге, инновациялық белсенділікті ынталандыруға, ғылымды қажетсінетін өндірістерді бірлесіп дамытуға, сондай-ақ экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрлерін игеруге бағытталған.

"Одақ елдері өнеркәсіптің түйінді салаларын дамыту үшін елеулі ғылыми және өнеркәсіптік әлеуетке ие. Бұл ретте машина жасау, электроника, химия өнеркәсібі сияқты жоғары технологиялық салалардағы импортты алмастыру мүше мемлекеттердің кооперациялық ынтымақтастығының басымдығы болып қала береді", — деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян.