Жаңалықтар

29.07.2022 (Обновлено: 04.08.2022 17:22)

ЕАЭО-да техрегламенттерді, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау шараларын жетілдіру жалғастырылуда

Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренконың төрағалығымен Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен оларға орайлас стандарттар өзгерістерінің кең тізбесін қарады.

Атап айтқанда, тағамдық қоспаларға, хош иістендіргіштерге және технологиялық қосалқы құралдарға арналған техрегламенттің өзгерістері мақұлданды. Құс еті мен ойыншықтарға арналған техрегламенттерге орайлас стандарттардың тізбесі өзектендірілді. Бұдан әрі бұл құжаттар ЕЭК Алқасының отырысында қаралатын болады.

Комитет мүшелері ойыншықтар мен парфюмериялік-косметикалық өнімдерге арналған техрегламенттерге орайлас стандарттарды әзірлеу жөніндегі бағдарламалардың да өзгерістерін мақұлдады. Құрамында никотин бар өнімдерге арналған техрегламент жобасын жария талқылауға жіберу туралы шешім қабылданды.

Зертханааралық салыстырмалы сынақтарды (зертханааралық салғастыруларды) жүргізуді ұйымдастыру тәртібін өзгерту қаралды және Комиссия Алқасының одан әрі қарауына жіберілді. Жаңа жоба провайдерлердің функцияларын, зертханааралық салыстырулар бағдарламаларын әзірлеу рәсімдерін, олардың нәтижелері бойынша есептерге қойылатын талаптарды, сондай-ақ Одақ елдерінде біліктілікті тексеруге қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды қоса, зертханааралық салыстыруларды ұйымдастырудың және жүргізудің ізеуірттелген рәсімдерін белгілейді.

Консультативтік комитеттің отырысында осы саладағы интеграцияны тереңдету жөніндегі тәсілдемелерді байқаудан өткізуді көздейтін өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы пилоттық жоба қолдау тапты. Жобаның мәнісі — Одақтың ортақ энергетикалық нарықтарын қоса, ЕАЭО бірыңғай нарығында өлшем құралдарын қолдануға автоматты түрде рұқсат беру механизмін пысықтау. Бұл өлшем құралдарының бірыңғай перспективалы нарығын құруға және олардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану саласындағы бірқатар өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, ЕЭК Алқасында қарау үшін ветеринариялық бақылауға жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық талаптардың 44-тарауының өзгерістері және өнім бермейтін үй жануарлары мен терісі бағалы аңдар үшін жемшөп өндіруге арналған, ЕАЭО-ға экспортталатын жануарлардан алынатын тағамдық емес шикізатқа арналған ветеринариялық сертификаттың нысандары мақұлданды. Өзгерістер тағамдық емес балық шикізатына ветеринариялық талаптарды белгілейді.