Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Максим Ким Минскідегі "Қазіргі заманғы сыни шақырыстар жағдайындағы аккредиттеудің жаңа көкжиектері" халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші елдер арасындағы өзара саудадағы техникалық тосқауылдарды жою жайында айтып берді.
Атап айтқанда, ол техникалық тосқауылдарды жою мәселелерін нысаналы талқылауды бастаудың негізі ЕАЭО туралы шартты дайындау кезінде-ақ қаланғанын атап өтті. 2021 жылы мүше мемлекеттер Үшінші елдермен өзара саудада техникалық тосқауылдарды жою тәртібі мен жағдайлары туралы келісімге қол қойды. Оның негізіне ЕАЭО мен үшінші елдің осындай тосқауылдарды жоюға әкелетін міндеттемелерінің тепе-теңдік қағидаты алынған, ал практикалық уағдаластықтарды іске асыру ЕАЭО мен оған мүше бес мемлекеттің үшінші елмен халықаралық шарты форматында бағамдалады.
Одақтың үшінші мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялық бірлестіктермен халықаралық шарттары туралы 2018 жылғы келісімде халықаралық шарттар жасасудың экономикалық орындылығына, соның ішінде саудадағы техникалық тосқауылдарды жою мәселелері бойынша бағалау жүргізу көзделген.
Комиссия өкілінің сөзінше, ЕАЭО мен үшінші елдің міндетті талаптарының салғастырмалығын айқындау рәсімдері, сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану жөніндегі жұмыстарға қатысатын сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды тағайындау тәртібі, шетелдік органдарда алынған сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін тану негізінде ЕАЭО мемлекеттерінде айналысқа түсетін өнімнің қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету бұдан арғы талқылаудың нысанасы бола алады."Халықаралық шарт жасасудың экономикалық орындылығын бағалау қажеттігіндегі негізгі қиындық – нақты үшінші елмен саудадағы техникалық тосқауылдарды жою туралы болашақ уағдаластықтар қолданылатын өнімдер тізбесін айқындау", – деп атап көрсетті Максим Ким.
Максим Ким мүше мемлекеттердің, үшінші елдердің, Комиссияның, барлық мүдделі органдардың және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің бірлескен жұмысы осы мәселелерді шешуге көмектеседі және ЕАЭО-ның үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге жәрдемдеседі деп үміт білдірді.
Форум шеңберінде ЕЭК өкілі Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің, Мемлекеттік стандарттау комитетінің және Беларусь мемлекеттік стандарттау және сертификаттау институтының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Беларусьтің электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторы мен "Электрондық паспорт" АҚ электрондық паспорттар жүйесінің әкімшісі арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ көлік құралы типіндегі берілген мақұлдаудың, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу мәселелері талқыланды.