29 мамырда Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО туралы шарттың №5 қосымшасына өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойды. Хаттамаға сәйкес 2010 жылғы 1 шілдеге дейін инвесторлармен жасалған жер қойнауын пайдалану шарттары мен өнімді бөлу туралы келісімдер шеңберінде тауарларды импорттау кезінде қазақстандық импорттаушылар төлеген кедендік баждар Одақ мемлекеттері арасында бөлінбейді.
Бұл мәселені реттеу қажеттілігі алғаш рет Одақ елдерінің мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғарғы органдары тарапынан кедендік баждардың түсімдері мен бөліну тәртібін сақтау бойынша бірлескен тексеріс қорытындысында атап өтілді (мұндай тексерулер жоғарыда аталған Қосымшаның 53-тармағына сәйкес жыл сайын жүргізіледі).
Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, көрсетілген баж сомалары жер қойнауын пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының бюджетінен өтеледі.
Бұл норма 2014 жылғы 1 қарашадан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.«ЕАЭО туралы шартқа өзгертулер енгізу Қазақстан бюджетінің қосарланған шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді, яғни инвесторларға төленген баждарды өтеу және осы соманың 93%-дан астамын Одақ мемлекеттері арасында кедендік баждарды бөлу тетігі аясында аудару», – деп атап өтті ЕЭК министрі.