ЕАЭО-да құрылыстағы бірыңғай қызметтер нарығын кеңейту жоспары бекітілді

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 21 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен отырысында құрылыс жобаларын басқару саласындағы қызметтердің 14 секторын қамтитын төрт ырықтандыру жоспарын бекітті. Бұл жол карталары бас мердігерлік және бас жобалау жұмыстарының бірыңғай қызметтер нарығы (БҚН) қағидаттарына кезең-кезеңімен көшуін айқындайды.

Жол карталары іске асырылғаннан кейін БҚН қағидалары өнеркәсіптік, коммерциялық, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй мақсатындағы объектілердің құрылысына, сондай-ақ автомагистралдар, темір жолдар, инфрақұрылымдық, энергетикалық және өндірістік объектілерді салу мен тұрғызуға қолданылатын болады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің құрылыс компанияларына тіркеу елінде алынған рұқсат беру және біліктілік құжаттарын тани отырып, қосымша заңды тұлғалар құрмай, ЕАЭО-ның бүкіл кеңістігінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда жекелеген жобалау, инженерлік, сауда, ауыл шаруашылығы және туристік қызметтерді қоса, 140-тан астам сектор БҚН режіміне ауыстырылды. Сонымен қатар, консалтинг, жалдау және жөндеу қызметтерін, ветеринария және басқаларды қоса, 117 басым бағыт шеңберінде БҚН тізбесін кеңейту бойынша жұмыс қатарлас жүргізілуде.

"Қабылданған шешім біздің экономикамыз үшін маңызды салалардың бірі – құрылыс саласына интеграцияны тереңдету үшін маңызды қадам болып табылады. Бұл арада сөз бизнесті жүргізу жағдайларын болашақта оңайлату туралы ғана емес, сонымен қатар іскерлік белсенділіктің өсуі үшін алғышарттар жасау туралы да болып отыр. Құрылыс саласын реттеу тәсілдемелерін жақындастыру шығындарды азайтуға және соның нітижесінде жобаларды іске асыру құнын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Құрылыс кешені бүкіл Еуразиялық кеңістікте даму үшін жаңа серпім алады", — деп атап өтті ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов.