Жаңалықтар

16.09.2021 (Обновлено: 07.02.2022 16:43)

ЕЭК-те Өзбекстанның мемлекеттік органдары үшін техникалық реттеу саласындағы оқыту-үйрету семинарлары бастау алды

Өзбекстан Республикасы Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық комиссияның 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарының шеңберінде тығыз практикалық ынтымақтастық басталды. Бұл туралы Өзбек техникалық реттеу агенттігі мамандары, байқаушы мемлекеттің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері үшін телекөпір форматында ұйымдастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық реттеу жүйесіне арналған семинарда ЕЭК-тің Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Лили Максудян мәлімдеді.
«Мұндай іс-шараны өткізу Одақтағы техникалық реттеу жүйесінің негізгі аспектілері бойынша консультация беруге бағытталған. Ол өнім қауіпсіздігі мәселелері бойынша тәсілдемелерімізді үндестіруге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде біздің елдеріміздің арасындағы саудадағы техникалық тосқауылдарды алып тастауға көмектеседі»,- деп атап көрсетті Лили Максудян. Сондай-ақ Лили Максудян Арменияның ЕАЭО-ға кіруі кезінде техникалық реттеу саласындағы заңнаманы Одақтың құқықтық нормаларымен үндестіру тәжірибесімен бөлісті.


ЕАЭО-дағы бірыңғай техникалық регламенттер әзірлеу мен қолдану және оларды практикалық іске асыру кезіндегі тәсілдемелер туралы ақпарат ұсынылды, сәйкестікті бағалаудың өзекті мәселелері, тауарды одақтық нарыққа шығару тәртібі, сондай-ақ ЕАЭО-дағы өнім қауіпсіздігі талаптары мен аккредиттеуді сақтауды бақылау (қадағалау) қаралды.

Өз кезегінде Өзбек техникалық реттеу агенттігінің әлемдік экономикалық жүйеге интеграцияны дамыту басқармасының бастығы Абдурауф Абдукаюмов ЕЭК-ке қолдағаны және бәрі үшін маңызды тақырыптаманы талқылаудағы ашықтығы үшін ризашылығын білдірді және ЕЭК-пен әрі ЕАЭО елдерімен өзара жеткізілетін өнімге техникалық регламенттерді қолдану саласында диалогты жалғастыруға мүдделілікті атап көрсетті.

Іс-шараға қатысушылар тәжірибе алмасу және осы салада жүргізіліп жатқан жұмыс туралы хабардарлық деңгейін арттыру үшін ЕЭК пен Өзбекстанның мемлекеттік билік органдары арасында техникалық реттеу саласында тұрақты консультациялар өткізу туралы уағдаласты.


Анықтама:

Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі жанындағы Өзбек техникалық реттеу агенттігі Өзбекстан Республикасы Президентінің «Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік басқаруды түбегейлі жетілдіру туралы» 2021.02.06. №УП-6240 Жарлығына сәйкес Өзбек стандарттау, метрология және сертификаттау агенттігінің базасында құрылды.

Техникалық реттеу агенттігі техникалық реттеу және метрология саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі мемлекеттік басқарудың республикалық органы болып табылады. Агенттік құқықтар, міндеттемелер және шарттар, соның ішінде халықаралық шарттар бойынша «Узстандарт» агенттігінің құқықтық мирасқоры болып табылады.