11 қарашада Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегянның төрағалығымен өткен Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитеттің отырысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылады.
Атап айтқанда, ЕАЭО елдерінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Сапасыз асыл тұқымды өнімді және генетикалық анықталып сипатталған ауруларды тасымалдаушыларды ауыл шаруашылығы жануарларының өсімін молайту жүйесінен шығарып тастау жолымен олардың генетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық анықталып сипатталған ауруларының тізбесіне өзгерістер мақұлданды. Асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін бағалаудың объективтілігі мен дұрыстығын арттыру үшін Одақта ауыл шаруашылығы жануарларын сұрыптай бағалаудың біріздендірілген тәсілдемелері де мақұлданды.
Бұдан басқа, Комитет мүшелері Асыл тұқымды мал шаруашылығында геномдық селекцияны қолданудың халықаралық тәжірибесі, істің жай-күйі және геномдық талдау негізінде ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық құндылығын болжауды ендірудің ЕАЭО шеңберінде келісілген ықтимал тәсілдемелері туралы шолуды мақұлдады.
Отырысқа қатысушылар агроөнеркәсіп кешенінде мүше мемлекеттердің технологиялық кооперациясының мүмкіндіктерін, агроинновацияның бірлескен орталықтарын құру, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті қайта өңдеу, сақтау, тарату және тасымалдау инфрақұрылымын дамыту туралы ұсыныстарды талқылады.
Консультативтік комитет мүшелері Одақ халқы үшін азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету тәсілдемелерін әзірлеуге жеке назар аударды.
Қаралған құжаттар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстарында айтылған Одақ мемлекеттері басшыларының бастамаларын және "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясының ережелерін іске асыру шеңберінде әзірленді.