ЕЭК-те ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптегі цифрлық платформаларды дамыту талқыланды

ЕЭК штаб-пәтерінде өткен "ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мақсатында цифрлық платформаларды қолдану" атты дөңгелек үстелде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіптегі платформалық экономиканы дамыту талқыланды.

"Цифрлық платформаларды қолдану ел ішінде де, трансшекаралық деңгейде де өнеркәсіп пен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Қазір бизнес пен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимыл платформалық экономика негізінде жүзеге асырылуда. Салалық цифрлық платформалар өнеркәсіптің өзінде де қалыптасуда", – деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Виталий Вовк.


ЕЭК өкілінің сөзінше, қазіргі уақытта әлемдік практикада өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыты "талап ету бойынша өндіріс", "өнеркәсіптік Uber" сияқты платформалық технологияларды қолдану болып табылады. Бұл платформалық шешімдер "цифрлық фабрика" және "цифрлық конструкторлық бюро" тұжырымдамаларын іске асыру элементтері болып табылады. Жетекші шет елдер осыған ұқсас тұжырымдамалар мен модельдерді қазіргі заманғы өнеркәсіпті дамытуда қолданады.

Виталий Вовк өнеркәсіпте цифрлық платформаларды ендіруден артта қалу ЕАЭО елдерінің технологиялық егемендігі үшін еңбек өнімділігінің төмендеуі мен шығындар тәуекеліне әкеп соқтыратынын атап көрсетті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту кезінде цифрлық платформаларды қолданудың артықшылықтарын атап өтіп, осындай шешімдерді іске асырудағы қиындықтарды талқылады.

Спикерлер ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, өндірушілерді жіктеу жөніндегі жалпы дерекқор құруды, сондай-ақ өнеркәсіптік секторға жасанды интеллектіні ендіру жөнінде бірлескен алаң ұйымдастыруды ұсынды.

Іс-шараға цифрлық платформалар, электрондық сауда алаңдары, B2B-алаңдар операторлары, өнеркәсіптік салалық қауымдастықтар мен басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.