ЕЭК-те ЕАЭО-ның агроазық-түлік экспортының перспективалары айқындалды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында 27 маусымда «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлігінің экспорттық әлеуетін арттыру туралы» ұсыныс қабылданды.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспортына арналған перспективалы тауарлар мен нарықтар әдістемелік тәсілдер негізінде айқындалған. Мүше мемлекеттер үшін қызығушылық тудыратын тауашалар ретінде негізгі сауда әріптестері таңдалды, оның ішінде ЕАЭО-ның Парсы шығанағымен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен және басқа елдермен еркін сауда аймақтары аясында ынтымақтастықты дамытатын немесе дамытуды жоспарлап отырған серіктестері бар. ЕЭК Алқасының ұсынымында барлығы 55 мемлекет белгіленген.

Комиссия сарапшылары жүргізген талдау нәтижесі мүше мемлекеттердің үшінші елдердің нарықтарына арнаған ең үздік қолжетімді талаптары бар негізгі тауарларды көрсетті. Құжатта экспорттық жеткізілімдердің географиясы да көрсетілген. Мысалы, ет және ет өнімдерін жеткізу үшін ең перспективалы бағыттар – Вьетнам, Катар, Қытай, БАӘ, Өзбекстан; балық және шаян тәрізділер – Египет, Қытай, Тайланд; сүт өнімдері – Вьетнам, Египет, Израиль, Қытай, Оман, Сауд Арабиясы; дәнді дақылдар – Қытай, Иордания, БАӘ, Марокко, Тунис, Түркия және т. б.; майлар мен өсімдік майлары – Египет, Үндістан, Иран, Сауд Арабиясы, Тунис және т. б.

Қарастырылған 55 елдің іріктелген тауар позициялары бойынша жиынтық импорт 322,2 млрд долларға бағаланады, бұл ретте ЕАЭО мемлекеттерінің осындай үшінші елдердің нарықтарына жеткізілімдерінің үлесі небәрі 5,3% құрайды (17,1 млрд. доллар), бұл мүше мемлекеттердің экспортын айтарлықтай ұлғайту әлеуетінің бар екенін білдіреді.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша біздің Одақ мемлекеттері әлемдік нарықта көшбасшы орынға ие және ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізуді ұлғайту және әртараптандыру, сондай-ақ үшінші елдердің нарықтарында ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өндірушілерінің бәсекелестік позицияларын нығайту бөлігінде айтарлықтай экспорттық әлеуеті бар. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы экспорты екі еседен астам ұлғайып, 2022 жылы 40 млрд. долларды құрады. Қабылданған ұсыныс ЕАЭО мемлекеттеріне өз экспортының мүмкіндіктері мен перспективаларын бағалау мақсатында шет елдердің ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлікке деген қажеттіліктері туралы ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді», деп атап өтті Артак Камалян.