ЕЭК-те техникалық реттеу және СФС шараларды қолдану мәселелері қаралды

Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Александр Субботиннің төрағалығымен өткен бейінді Консультативтік комитеттің отырысында техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы бірқатар мәселе талқыланды.


Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың "Парфюмериялық-косметикалық өнімнің қауіпсіздігі туралы" және "Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттерін іске асыру үшін қажетті мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу жөніндегі бағдарламаларға өзгерістер енгізуге келісті. Мұндай бағдарламаларды жаңарту Одақ нарығына шығарылатын өнімге қойылатын талаптарды уақытылы өзектілендіру және жоғары ғылыми-техникалық деңгейде қолдау үшін ЕАЭО шеңберінде Стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру тәртібіне сәйкес жүргізіледі.

 

Сондай-ақ Консультативтік комитет Одақтың "Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігі туралы", "Арнайыландырылған тамақ өнімдерінің жекелеген түрлерінің, соның ішінде диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтанудың қауіпсіздігі туралы" және "Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық көмекші құралдардың қауіпсіздігі талаптары" техникалық регламенттерін іске асыру үшін қажетті стандарттар тізбесіне өзгерістер жобаларын одан әрі қарау және қабылдау үшін мақұлдады. Келісілген өзгерістердің ішінде — стандарттар тізбесін осы техникалық регламенттерге орайлас стандарттау жөніндегі өзекті құжаттармен толықтыру бар.

Тараптар Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптардың II тарауының 12-бөлімін өзектілендіруді жоспарлап отыр. Жеке гигиена бұйымдары ретінде айналысқа шығарылатын тауарлардың жекелеген түрлерімен аталған бөлімге толықтырулар енгізілген жоба, сондай-ақ одан өзекті емес талаптарды алып тастау одан әрі қарау және қабылдау үшін мақұлданды.

Консультативтік комитет жанындағы сарапшылық алаңдардың жұмыс істеу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, стандарттау, ветеринариялық-санитариялық шаралар және карантиндік фитосанитариялық шаралар жөніндегі кіші комитеттердің өзекті құрамы бекітілді.

Бұдан басқа, өнімнің ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалауды жүргізу тәсілдемелерін әзірлеу, сондай-ақ Одақ туралы шарттың тұжырымдамалық аппаратын өзектілендіру мәселесін жан-жақты пысықтау үшін (өнімді сынау және зерттеу тақырыптамасы бойынша) екі қосымша бейінді сарапшылық топ құрылды.