ЕЭК-те Өнеркәсіптің басымдықты және жоғары технологиялық салаларындағы кооперация мен импортты алмастыру жөніндегі комиссия құрылды

ЕЭК Алқасы осы жылғы маусымда Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің Үкімет басшылары құрған Өнеркәсіптің басымдықты және жоғары технологиялық салаларындағы кооперация мен импортты алмастыру жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы өкім қабылдады.

Импортты алмастыру жөніндегі комиссия индустрияландыру картасын жүргізуді, сондай-ақ Одақтағы импортты алмастыруды дамыту бағыттарын тұжырымдауды жүзеге асырады.

Жаңа жұмыс органының төрағасы ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян болды. Комиссия құрамына ұлттық уәкілетті органдар министрлерінің өнеркәсіп, ғылым, экономика, бәсекелестік, көлік, құрылыс, энергетика, сыртқы істер мәселелеріне жетекшілік жасайтын орынбасарлары кірді.

"Біздің Комиссиямыз Одақ елдерінің өнеркәсіп кәсіпорындарымен, салалық бірлестіктерімен және сауда-өнеркәсіп палаталарымен өзара іс-қимыл жасайтын болады. Бұл кооперациялық импорт алмастырушы тізбектерді құруға және ішкі әрі сыртқы нарықтарда өндірілетін жоғары технологиялық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі",- деді Артак Камалян.

Импортты алмастыру жөніндегі комиссияның бірінші отырысын келесі жылдың басында өткізу жоспарланып отыр.

"Бізге әуелі ЕАЭО-дағы ынтымақтастық үшін өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларының тізбесін айқындап алу қажет болатыны анық. Индустрияландыру картасын толықтыру мен өзектілендіру, өнеркәсіптегі импортты алмастыру жөніндегі нақты әлеуетті кооперациялық жобаларды қарау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады",- деп атап өтті ЕЭК министрі.