Еуразиялық экономикалық комиссия Ресей Федерациясының көші-қон мәселелерін реттейтін бірқатар жаңа заңнамалық және нормативтік актілерінің қабылданғаны мен күшіне енгені туралы хабардар етеді.
Шетелдік азаматтардың визасыз елдерден кіруі бойынша экспериментті ұзарту
2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін эксперимент ұзартылады, оның шеңберінде "ruID" мобильді қосымшасы арқылы шетелдік азаматтардың Ресей Федерациясына визасыз тәртіппен кіруінің жаңа қағидалары мен талапшарттарын сынақтан өткізу жүргізіледі. 2026 жылғы 30 маусымнан бастап, аталған эксперимент жүргізу кезеңінде, еңбек қызметін немесе оқуды жүзеге асыру мақсатында Ресейге келген шетелдік азаматтарға көші-қон саласында мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде келу мақсаты туралы мәліметтер келу және болу мақсаты туралы өтініште көрсетілген ақпаратпен расталатын болады.
Халықаралық жүргізушілер үшін болу мерзімін ұлғайту тәртібі
Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілер "ruID"мобильді қосымшасы арқылы күнтізбелік жыл ішінде уақытша болу мерзімін жиынтығында 180 күнге дейін ұлғайту үшін өтініш бере алады. Ол үшін Ресей Федерациясы Үкіметінің 2026 жылғы 27 сәуірдегі № 468 қаулысында көзделген құжаттарды қоса беру қажет.
Көші-қон саласындағы бажды арттыру
Көші-қон саласындағы мемлекеттік баждың мөлшерін арттыру маңызды жаңа енгізілім болып табылады. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының азаматтығына қабылдау үшін мемлекеттік баж мөлшері 50 мың рубльді құрайды (бұрын – 4,2 мың рубль). Тұруға ықтиярхат үшін 30 мың рубль (бұрын – 6 мың рубль), ал уақытша тұруға рұқсат үшін – 15 мың рубль (бұрын – 1,9 мың рубль) төлеу қажет болады.
Медициналық куәландырудан өту мерзімдерін қысқарту
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап шетелдік азаматтардың жекелеген санаттары үшін медициналық куәландырудан өтудің жаңа қағидалары мен 30 күнге дейін қысқартылған мерзімі күшіне енеді.
Комиссия Ресей Федерациясының құзыретті органдарымен бірлесіп, осы мәселе бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдар дайындайды. Барлық қажетті ақпарат ЕЭК ресми сайтында уақытылы орналастырылатын болады.
Бұдан басқа, Еуразиялық экономикалық комиссия өз құзыреті шегінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде еңбек ресурстарының бірыңғай нарығының жұмыс істеуіне өтіп жатқан өзгерістердің ықпалына және ЕАЭО туралы шарттың ережелеріне сәйкестігіне мониториң жүргізеді.