Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов Еуропалық бизнес қауымдастығы мен Трансеуразиялық тасымалдар жөніндегі үйлестіру кеңесі ұйымдастырған "Еуразиялық логистика күні" халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Ол өз сөзінде Комиссияның кеден блогының Еуразиялық логистиканы дамытуға жәрдемдесу жөніндегі жұмысы туралы жан-жақты айтып берді.
Руслан Давыдов дайындықтың соңғы сатысында тұрған ЕАЭО Кеден кодексіне түзетулер пакеті бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын көрсететінін және ЕАЭО-ның логистикалық әлеуетін арттыратын нормаларды қамтитынын айтты. Бұлардың ішінде контейнерлерді декларациялаудың күшін жою, электрондық құжаттарды қолдануды кеңейту, каботаждық және контрейлерлік тасымалдарды реттеу бар."Навигациялық пломбаларды ендіру, Кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі туралы келісімді іске асыру – Еуразиялық экономикалық одақ аумағы бойынша тасымалды дамытуға ықпал ететін маңызды қадамдар", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
ЕЭК кеден блогының басшысы Одақтың транзиттік тартымдылығын дамыту үшін шекаралық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына назар аударды. Ол Комиссияның өткізу пункттерін жайластыруға және жарақтандыруға қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды қалыптастыру жөніндегі жұмысының маңыздылығын атап көрсетті.
"Өткізу пункттерінде цифрлық технологияларды пайдалану кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы ақпаратты жылдам өңдеуге және бақылау рәсімдерінің уақытын қысқарту есебінен мұндай өткізу көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осы жұмыстың маңыздылығын ескере отырып, ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің үйлестіріле дамуын өрістету ЕАЭО шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияны іске асыру жөніндегі жоспарға да енгізілген", – деп атап өтті ЕЭК министрі.