Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев және Моңғолия Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары – Экономика және даму министрі Жадамба Энхбаяр Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімі 2026 жылғы 22 шілдеде күшіне енетінін мәлімдеді.
Кездесу барысында Андрей Слепнев Моңғолияның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дуламсурэн Давааға ЕАЭО тарапынан Уақытша сауда келісімінің күшіне енуі үшін қажетті рәсімдер аяқталғаны туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның нотасын табыс етті. Моңғолия тарапынан тиісті рәсімдер қазірдің өзінде аяқталды.
Келісімді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін тараптар іс-шаралар жоспарын дайындады, оны іске асыру қазірдің өзінде басталды."Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі басталады. Алдымызда ашылған мүмкіндіктерді барынша пайдалану маңызды", – деп атап өтті Андрей Слепнев.
Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды."Бүгінгі кездесу Келісімнің жақында күшіне енуі ресми түрде атап өтілген оқиға ғана емес, сонымен қатар оны іске асыруды практикалық мазмұнмен толтырудың маңызды бастапқы нүктесі де болып табылады деп ойлаймыз", – деп атап көрсетті СКЖ режимінде диалогқа қатысқан Жадамба Энхбаяр.
Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісіміне 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында қол қойылды. Келісім күшіне енген сәттен бастап әрбір тарап үшін 367 тауар қосалқы позициясына қатысты кедендік баж нөлге түсіріледі немесе төмендетілетін болады.
Келісім іс-қимылды тағы бір рет үш жылдық кезеңге автоматты түрде ұзарту мүмкіндігімен үш жылға арналып жасасылды. Бірінші үш жылдық кезең аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде тараптар сауданың барлық дерлік номенклатурасына қатысты рәсімдерді оңайлату және баждар мен басқа да шектеу қағидаларының күшін жою мақсатында Келісімді қайта қарауды бастайды.