Мемлекеттік сатыпалым мақсаты үшін фармацевтикалық өнімдер мен медициналық бұйымдардың орналасқан жерін айқындау қағидаларына өзгерістер күшіне енеді
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде 22 қаңтардан бастап мемлекеттік сатыпалым мақсаты үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидаларына өзгерістер күшіне енеді. Олар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайда болған қатынастарға қолданылады.


ЕАЭО құқықтық порталында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2025 жылғы 19 қарашадағы тиісті шешімі жарияланды, ол мемлекеттік сатыпалымға арналған фармацевтикалық және медициналық бұйымдардың жекелеген түрлеріне қатысты қағидаларды түзетеді.

Өзгерістер Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне 56 тауар атауы бойынша өнім енгізуге мүмкіндік береді. Соның ішінде, синтетикалық талшықтарды, инелерді, протездерді, уроқабылдағыштарды, ультрадыбыстық сканерлеу аппараттарын, дәрілік препараттарды, фармацевтикалық субстанцияларды қоса, 31 тауар – өндіріс талапшарттары мен технологиялық операциялардың тізбесін орындау негізінде енгізіледі. Медициналық маскаларды, таңғыштарды, шприцтерді, хирургиялық материалдарды, есіту аппараттарын, өрт сөндіргіштерді қоса, 25 тауар – СТ-1 нысанындағы сертификатты ұсыну негізінде енгізілетін болады.

Бұдан басқа, 2026 жылдың соңына дейін СТ-1 нысанының сертификатын ұсыну негізінде Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізіліміне енгізілетін тауарлардың тізбесі қамтылған Қағидаларға № 11 қосымшаның қолданылу мерзімі ұзартылды. Бұл ретте өнімнің жекелеген түрлері үшін мерзім тек 2026 жылғы 30 маусымға дейін ұзартылады.

   

Еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізілімі басқа мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің тауарларына қатысты преференция, шектеу және тыйым белгіленген ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатыпалымына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Тізілімге қосу үшін белгілі бір алгоритмді басшылыққа алған жөн.