Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес заңнаманы үндестірудің және Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың түйінді тәсілдемелерін айқындайтын өкімді бекітті.
Қабылданған шешімнің негізі қызметті реттеуге қойылатын үндестірілген талаптар Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда белгіленетінін және Одақтың ортақ қаржы нарығында қызметтер көрсететін қаржы нарығына қатысушылар үшін қолданылатынын көздейтін көп деңгейлі (сараланған) тәсілдемені ендіру болып табылады. Тек өз мүше мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін қатысушыларға қатысты ұлттық заңнамада белгіленген талаптар сақталады.
Сараланған тәсілдеме таңдау еркіндігін қамтамасыз етеді: қаржы нарығына қатысушылар өз мүмкіндіктері мен экономикалық орындылығына қарай Одақтың ортақ қаржы нарығына шығу туралы шешім қабылдайды."Сараланған тәсілдеме – бұл интеграцияны тереңдету мен ұлттық қаржы жүйелерін қорғау арасындағы теңгерім. Біз нарық үшін түсінікті ойын қағидаларын жасаймыз: бүкіл Одаққа қаржылық қызмет көрсеткісі келетін компаниялар бірыңғай реттеу стандарттарын алады, ал ішкі нарықта жұмыс істейтіндер әдеттегі реттеушілік ортаны сақтайды. Бұл азаматтар мен тұтастай ұлттық экономика үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады", – деп атап көрсетті ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов.
ЕАЭО елдерінің басшылары Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп қабылданған өкімді ескере отырып, Одақ құқығына өзгерістер енгізуді пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ Одақ туралы шартқа, Үндестіру туралы келісімге және салалық актілерге ЕАЭО қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлтүсті органды құру мерзімін, заңнаманы үндестіруді жүргізу механизмдері мен мерзімдерін нақтылау үшін өзгерістер дайындау көзделген.
ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығы төрт іргелі қағидатқа негізделеді: реттеуді үндестіру, лицензияларды өзара тану, заңды тұлға құрудың қажеттілігінсіз қаржылық қызметтерді трансшекаралық ұсыну және ұлттық реттеушілер арасындағы әкімшілік өзара іс-қимыл.