Жаңалықтар

18.04.2025

Лаура Садықова ЕЭК-тің Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды

Лаура Үмітбекқызы Садықова 1971 жылы Қазақстан Республикасының Қарағанды облысында туған.

1992 жылы К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын "зооинженер" мамандығы бойынша бітірген, 1996 жылы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу технологиялық институтында күндізгі аспирантураны, 2007 жылы қаржы бакалавры біліктілігін ала отырып Қарағандының "Болашақ" өзекті білім беру университетін аяқтаған.

2017 жылы Мичиган мемлекеттік университетінде (АҚШ) "Экономика және халық шаруашылығын басқару" мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.

Еңбек қызметін 1996 жылы ғылыми-зерттеу ұйымының ғылыми қызметкері лауазымында бастады. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік қызметке ауысты.

2002-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінде ғылым, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясы, қайта өңдеу өнеркәсібі және ДСҰ департаменттерінде бөлім бастығынан департамент директорының орынбасарына дейінгі позицияларда жұмыс істеді.

2009-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары болды.

2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақ агротехникалық университетінің басқармасы төрағасының орынбасары – проректоры болып істеді.

2015 жылы еңбек қызметін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінде Технологиялық және инновациялық даму, цифрлық трансформация, жобалық басқару департаменттерінде басшылық лауазымдарда жалғастырды.

2021-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры болды.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Жиырмадан астам ғылыми мақаланың авторы, монографияның және екі селекциялық жетістіктің теңавторы.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ведомстволық наградаларымен марапатталған.

2025 жылғы 14 сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.