Жаңылыктар

08.10.2021 (Обновлено: 14.02.2022 17:42)

Арман Шаққалиев: «ЕЭК-ке бәсекелестікті қорғау саласында экстрааумақтық өкілеттіктер берілуі қажет»

Бәсекелестікті қорғау саласындағы жаңа жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру үшін Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүсті монополияға қарсы органына экстрааумақтық өкілеттіктер берілуі қажет. Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев бұл туралы Алматыда (Қазақстан Республикасы) өткен VII Еуразиялық монополияға қарсы форумның жалпы сессиясында мәлімдеді. Министр бүгінгі таңда Одақ құқығында үшінші елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне қатысты өкілеттіктер жоқ екенін атап өтті.
«Біз ұлттық монополияға қарсы органдардың ЕЭК-ке осындай өкілеттіктер беру туралы ұсынысымызды қолдағанын қалаймыз. Бұл тұжырым Комиссия Алқасының осы жылғы мамырда ЕАЭО елдерінің бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерді анықтаған және жолын кескен кезде пайдалануына ұсынылған цифрлық нарықтардағы бәсекелестікті реттеу шолуында да қамтылған»,- деп атап өтті министр.


Белгіленген жоспарлар туралы айта келіп, Арман Шаққалиев Одақ құқығына монополияға қарсы комплаенс институтын ендіруге айрықша назар аударды.Комиссияның бәсекелестік блогы басшысының сөзінше, бұл мәселеде өз заңнамасына монополияға қарсы комплаенс институтын бірінші болып ендірген және қазір ойдағыдай іске асырып жатқан Қазақстанның тәжірибесі маңызды. ЕЭК бастамасы ISO халықаралық стандарттар базасында монополияға қарсы комплаенс стандарттарын әзірлеуден тұрады. Министр комплаенсты сапа менеджменті жүйесінің және компаниялардағы тәуекелдерді басқарудың бір бөлігі етіп жасау қажеттігін атап көрсетті.

Министр «жұмсақ реттеу» құралдарының қолданылуын ЕАЭО-ның трансшекаралық нарықтарындағы монополияға қарсы реттеудің жаңа тренді деп атады. Еске сала өтсек, осы жылы Одақ құқығына жаңа осындай құрал – алдын ала ескерту, Комиссияның бәсекелестік қағидаларын бұзушылық белгілерін жою қажеттігі туралы актісі енгізілді.

Анықтама:

Жыл сайынғы Еуразиялық монополияға қарсы форум Қазақстанда 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл ол Алматыда 7-8 қазанда өтіп, екі күнге созылды. Форум жұмысына онлайн және офлайн-форматтарда 7 елдің монополияға қарсы ведомстволарының және 6 халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері қатысты.
Форум аясында сарапшылар тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалаудың жаңа тәсілдемелерін, тергеп-тексеру жүргізу практикасы мен бәсекелестер арасындағы дауларды шешуді және басқаларды талқылайды.