ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Данияр Иманалиевтің Эфиопия Сыртқы істер министрі Гедион Тимотеоспен 10 қыркүйекте Нью-Делиде өткен кездесуінде Еуразиялық экономикалық комиссия мен Эфиопия арасындағы диалогты кеңейтудің перспективалық бағыттары талқыланды.
Данияр Иманалиевтің сөзінше, Эфиопия ЕАЭО елдерінің Африка құрлығындағы маңызды әріптесі болып табылады.
Тараптар Еуразиялық "бестіктің" өзекті интеграциялық күн тәртібін таныстыру үшін Эфиопияда ЕАЭО іс-шарасын өткізу мүмкіндігін талқылады."Біз ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, көлік пен логистикада, цифрландыруда және орнықты дамуда өзара іс-қимылды арттырудың жақсы мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Меморандум жасасу жүйелі диалогты қалыптастырудың алғашқы қадамы болуы мүмкін", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.
Гедион Тимотеос Эфиопияның ЕАЭО-ның интеграциялық тәжірибесіне қызығушылығы зор екенін атап өтті және өзара қызығушылық тудыратын салалық бағыттар бойынша тәжірибе алмасу үшін бірлескен семинарлар өткізуді ұсынды. Эфиопия тарапы ЕЭК пен штаб-пәтері Аддис-Абебада орналасқан Африка одағының Комиссиясы арасында меморандум жасасуды пысықтауға жәрдемдесуге әзір екендігін білдірді.
Данияр Иманалиев 3-ші Ресей – Африка экономикалық және гуманитарлық форумы шеңберінде жоспарланған ЕАЭО елдері мен Африканың ынтымақтастығына арналған сессия туралы хабардар етті. ЕЭК министрі сондай-ақ әріптестерін 2027 жылғы мамырда Бішкекте өтетін VI Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақырды.