Жаңылыктар

10.09.2021 (Обновлено: 12.01.2022 15:58)

ЕЭК пен ФАО балық өсіру шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, жеміс шаруашылығы және тұқым шаруашылығы салаларында ынтымақтастықты тереңдетеді

IV Халықаралық балық өнеркәсібі форумының және Балық индустриясы, теңіз өнімдері және технологиялар көрмесінің шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Армен Арутюнян Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Еуропа және Орталық Азия өңірлік офисінің басшысы және бас директорының орынбасары Владимир Рахманинмен кездесу өткізді. Тараптар балық шаруашылығы қызметінің экологиялық орнықты дамуына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақта маңызы бар инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты мәселелерді талқылады.

«Біз акваөсірудің айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз, сол себепті әзірге үшінші елдердің импортына тәуелділік сақталып отырған балық жем-азығы өндірісінің біздің мемлекеттеріміз үшін ерекше маңызы бар. Бұл ретте табиғи ресурстарды қалпына келтіру мен сақтау осы жобаларды жүзеге асырудағы акцент болуға тиіс екенін түсінеміз»,- деп атап өтті Армен Арутюнян.

Тараптар Одақ мемлекеттерінің ынтымақтастығы негізінде балық өнімі өндірісі мен акваөсірудің тиімділігін арттыру және бұл салада қазіргі заманғы технологияларды пайдалану жөніндегі міндеттердің айрықша өзектілігін атап көрсетті, сондай-ақ ЕАЭО-да балық шаруашылығы қызметін орнықты дамыту жөніндегі жалпы тәсілдемелерді әзірлеу жөнінде күш-жігерді біріктіруді ұйғарды.

Бұдан басқа, форум аясында Армен Арутюнян мен Владимир Рахманин 2021 жылдың аяғына дейін ФАО мен ЕЭК-тің ЕАЭО-да жеміс, жидек және көкөніс нарығын орнықты дамыту жөніндегі бірлескен баяндамасын дайындау туралы уағдаласты. Құжатты дайындау жұмысына Еуразиялық «бестік» елдерінің сарапшылары да қатысады.

«Одақ шеңберінде жеміс шаруашылығының өсу әлеуеті ең төмен дегенде 1 млрд доллар құрайды. Бір жағынан, ЕАЭО елдері халқының жемістерді тұтынуы ұсынылатын нормадан төмен, екінші жағынан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша алма мен алмұрттың импорты ғана 860 млн доллардан асып түсті, ал бізде құлпынай, өрік, шабдалы, қара өрік өндірісін ұлғайту үшін де жағдайлар бар. Сол себепті Комиссия сектордың серпінді дамуына жәрдемдесетін болады»,- деп атап көрсетті ЕЭК-тің Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Армен Арутюнян.

Бірлескен жұмыстың нәтижесі нарықтың, ЕАЭО елдерінің жеміс шаруашылығы мен көкөніс шаруашылығындағы мемлекеттік саясатының ағымдағы жай-күйін талдау, сондай-ақ секторды нығайту үшін өсу мен қажеттілік нүктелерін анықтау болады.

Баяндама жобасын дайындау қорытындысы бойынша өңірлік дөңгелек үстел өткізу жоспарланған.

Тараптар Одақ елдеріндегі тұқым шаруашылығын дамыту құжаттарын дайындау жөніндегі бірлескен жұмысты да талқылады.

Армен Арутюнян ФАО сарапшыларына тиімді өзара іс-қимыл үшін ризашылық білдірді және Комиссияның агроөнеркәсіп блогының бірқатар жобасына қолдау білдірген Владимир Рахманиннің жеке үлесін атап өтті.

Өз кезегінде ФАО өкілі Комиссия мен ФАО арасындағы ынтымақтастық қарқыны мен сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі өрістетудің маңыздылығын атап өтті.

«Жемістер мен көкөністердің халықаралық жылында біз ЕЭК-пен ынтымақтастығымызды кеңейтеміз. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жеміс шаруашылығы мен көкөніс шаруашылығын орнықты дамытудың өңірлік және әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды мәні бар»,- деді Владимир Рахманин. 

Анықтама

Халықаралық балық өнеркәсібі форумы және Балық индустриясы, теңіз өнімдері және технологиялар көрмесі (Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia 2021) дәстүрлі түрде балық өнеркәсібінің теңізде балық аулаудан бастап түпкілікті тұтынушыға жеткізуге дейінгі барлық саласының өкілдерін біріктіреді. Бұл - балық өндіруші және өңдеуші компаниялар, акваөсіру және марикөсіру кәсіпорындары, өңдеуге, кәсіпшілікке, кемелерді жарақтандыруға арналған жабдықты әзірлеушілер, кеме жасау және кеме жөндеу ұйымдары, жем-азықтар мен қоспалар өндірушілер, сондай-ақ буып-түю, сақтау, жүк тасымалдау, банк қызметін көрсету, кредиттеу, сақтандыру қызметтері бойынша шешімдерді ұсынатын компаниялар.