Жаңылыктар

30.09.2021 (Обновлено: 08.02.2022 17:28)

ЕЭК Одақта органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің бірыңғай нарығын құру жөніндегі жол картасын іске асыруға кірісті

Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлесіп, Еуразиялық үкіметаралық кеңес 20 тамызда бекіткен Одақта органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің бірыңғай нарығын құру жөніндегі жол картасын іске асыруға кірісті.

Бұл мәселе ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалянның төрағалығымен ЕАЭО мемлекеттерінің Ауыл шараушылығы министрлері орынбасарларының, бейінді мемлекеттік мекемелер мен салалық бизнес-қауымдастықтар басшыларының, сондай-ақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының, БҰҰ Халықаралық азық-түлік бағдарламасының және Алиментариус Кодексі Комиссиясының өкілдерінің қатысуымен өткен «ЕАЭО шеңберіндегі органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің бірыңғай нарығын құру» дөңгелек үстелінің тақырыбы болды.

«Органикалық ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстың маңыздылығы ішкі нарықтағы да, сол сияқты үшінші елдердің сыйлықақылы нарықтарындағы да өскелең сұранысты қанағаттандыру қажеттілігіне, сондай-ақ ауыл шаруашылығын орнықты дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін іске асыруға және қоршаған ортаға теріс ықпалды азайтуға негізделген»,- деп атап өтті Артак Камалян.

Бүгінде Одақтың органикалық тауарларының ортақ нарығының жұмыс істеуіне бірқатар фактор кедергі келтіреді. Бұл ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық заңнамасының осындай өнімнің өндірісіне, таңбалануына, сертификаттау рәсіміне, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың аккредиттелуіне қойылатын талаптар бөлігіндегі айырмашылығы.

Жол картасында жоспарланған халықаралық шарт жобасын әзірлеу аталған мәселелерді шешуге бағытталған, сайып келгенде бұл ЕАЭО-да органикалық өнімнің кедергісіз айналысын қамтамасыз етеді. Органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін, импортын және айналысын қалыптастыру мен статистикалық есепке алуды біріздендіру мәселелерін пысықтау да көзделген.

Пікірсайысқа қатысушылар Одақтағы және үшінші елдердегі сектордың даму үрдістері туралы пікір алмасты, ЕАЭО-да органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің бірыңғай нарығын құру жөніндегі жол картасының іс-шараларын іске асыру бойынша ұсыныстар енгізді. Талқылау қорытындылары сарапшылық деңгейде халықаралық шарт жобасын дайындау үшін базалық бағдар болады.


Анықтама:

Сарапшылық бағалауларға сәйкес, бүгінде органикалық ауыл шаруашылығында іске қосылған алқаптардың үлесі ЕАЭО-ның жалпы егіндік жерінің 1%-ынан аспайды, ал өндіріс шикізаттық мамандандырылуымен сипатталады. Органикалық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (Fibl) деректері бойынша нарықтың жылдық көлемі қазірдің өзінде 150 млрд евродан асып кетті және таяудағы жылдары саламатты өмір салтына және қоршаған ортаны қорғауға деген жаһандық трендті ескере келгенде, өсу үрдісі тек күшейе түседі.