Жаңылыктар

30.04.2021 (Обновлено: 29.12.2021 17:31)

ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары ғарыштық мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру барысын талқылады

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректерінің негізінде ғарыштық және геоақпараттық өнімдер беру саласында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жаһандық кооперациялық жобасының бірінші кезеңдерін іске асыру туралы баяндама ұсынылды. Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян мемлекетаралық бағдарламаны орындаушылар қазірдің өзінде оның алғашқы іс-шараларын орындауға кіріскенін хабарлады.
Мемлекетаралық бағдарламаны 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықта іске асыру белгіленген. Бұл үшін Одақ елдері мен Комиссияға үш кезеңнен бірлесіп өтуге тура келеді.

2021 жылы бірінші кезеңнің іс-шараларын әзірлеу — қолданыстағы және перспективалы ғарыш аппараттарының базасында Одақ мемлекеттерінің ЖҚЗ интеграцияланған ғарыш жүйесін қалыптастыру және дамыту жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттарды, ЖҚЗ ғарыш аппараттарының ұлттық орбиталық топтарының ресурстарын бірлесіп пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттарды, Одақтың ішкі нарығында және әлемдік нарықта ЖҚЗ деректерін тарату кезінде ұлттық операторлардың өзара іс-қимылын көздейтін ұйымдастырушылық-әдістемелік құжаттарды дайындау басталды.

«Екінші кезеңде ЕАЭО елдері бірыңғай ақпараттық портал — біріккен ғарыш түсірілімдері материалдары бойынша деректер банкін құрады, деректерді қабылдаудың және өңдеудің ұлттық жерүсті кешендерін жаңғыртады. Қорытындылаушы қадам – ажыратылымдығы орташа және жоғары ғарыш аппараттары базасында Жерді қашықтан зондтаудың перспективалық бірлескен ғарыш жүйесін құру болады. Оларды әзірлеу мен өндіруді одақтық елдер тығыз кооперацияда жүзеге асыратын болады», — деді Артак Камалян.


Министр бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша ЕАЭО елдерінің мемлекеттік тұтынушыларына ұсынылатын ғарыштық ақпараттың көлемі мен сапасы елеулі түрде артатынын да атап өтті:

мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру уақыты ішінде деректердің өсімі 100%-дан асып, 2,13 млн шаршы км/тәуліктен 4,43 млн шаршы км/тәулікке дейін құрайды. Бұдан басқа, осындай аппараттарды жасау кезіндегі құрауыштық базаның отандық өндірушілерінің үлесі ЕАЭО мемлекеттерінің жаңа кәсіпорындарын тарту есебінен 70%-ға дейін артады.

Артак Камалянның сөзінше, Одақ елдерінің кооперациялық жоба шеңберіндегі бірлескен жұмысының нәтижелерінің бірі — төрт, ал мемлекетаралық бағдарламаның мерзімін ұзартқан жағдайда бес жаңа ғарыш аппаратының өндірісі болады. Және 2030 жылдың өзінде ЕАЭО ЖҚЗ әлемдік нарығының жалпы көлемінің 5%-ына дейін алуы мүмкін, бұл 245 млн АҚШ долл. құрайды.

Оңтүстік Америка, Африка, Таяу және Орта Шығыс нарықтары есебінен ЖҚЗ өнімдерін сату көлемі де кеңейетін болады.

«Бұл мемлекетаралық бағдарлама, шын мәнінде, «пилот» болып табылады, бірлескен мемлекетаралық бағдарламалар мен кооперациялық жобалар бойынша бұдан арғы барлық жұмыстың табысы оны ойдағыдай іске асыруға байланысты болады», — деп түйіндеді Артак Камалян.