Жаңылыктар

24.11.2021 (Обновлено: 31.03.2022 13:36)

ЕЭК Алқасы теміржол саласында өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту үшін ұсыным қабылдады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің теміржол саласында өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған ұсыным қабылдады. ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян құжатты ұсына отырып, Комиссияның бұл бағыттағы жұмысты бірнеше жылдан бері жүргізіп келе жатқанын және қазірдің өзінде бірқатар іс-шара іске асырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитет жанынан бизнеске бағдарланған сарапшылық топ құрылды; ЕАЭО-ның барлық елі, шектесетін мемлекеттер мен ірі әлемдік теміржол көлігі үшін өнім өндірушілер бойынша салалық шолу дайындалып, Одақ сайтына орналастырылды; кооперациялық ынтымақтастыққа дайын сала кәсіпорындарының бірыңғай тізбесі (Одақтың жүзден астам кәсіпорнын кірістіретін) әзірленді.

«Біз ұсынымдағы ЕАЭО-ның теміржол саласын дамыту үрдістерін зерделеу негізінде ұсынылып отырған шаралар Одақ елдері өндірушілерінің жан-жақты ынтымақтастығына және теміржол саласы кәсіпорындарының тиімділігін күшейту мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде, соның ішінде Еуразиялық өнімнің үшінші елдердің нарығына шығуы мақсатында бірлескен тәсілдемелер тұжырымдауға ықпал ететін болады деп санаймыз», — деді ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

Ұсынымда саланы кадрлық қамтамасыз ету міндеттеріне және ЕАЭО үшін маңызы бар көлік инфрақұрылымдық жобалары арқылы интеграциялық бірлестіктің әлеуетін іске қосуға ерекше көңіл бөлінген.

Ұсынымда сондай-ақ инновацияларды, соның ішінде одақішілік технологиялар трансфері арқылы ендіру мен бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүргізу, қауіпсіздікті, экологиялықты, үнемділікті және теміржол көлігі үшін де, сол сияқты оның өндірісінің процестері үшін де энергия тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері ескерілген.

ЕЭК министрі ЕАЭО мемлекеттеріне халықаралық кооперациялық жобаларды іске асыру кезінде теміржол көлігі үшін өнеркәсіп өнімдерін өндіру саласында бірлескен жұмысқа дайын Кәсіпорындардың бірыңғай тізбесінде қамтылған ақпаратты ескеру ұсынылатынын атап көрсетті.

Артак Камалянның сөзінше, теміржол машинасын жасау — Еуразиялық экономикалық одақта дамуына айрықша назар аударылып отырған жоғары технологиялық салалардың бірі. Өнеркәсіп блогының жүйелі жұмысы қабылданған ұсыным негізінде жалғасатын болады.

Анықтама:
Теміржол көлігі үшін өнеркәсіп өнімдерін өндіру саласында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруға қатысуға дайын ЕАЭО мемлекеттерінің мүдделі өнеркәсіп кәсіпорындардың бірыңғай тізбесі 2018 жылдан бері тұрақты негізде толықтырылады. Бүгінде ол Одақ елдерінің 110 кәсіпорнын кірістіреді: Армения Республикасы (10), Беларусь Республикасы (69), Қазақстан Республикасы (20), Қырғыз Республикасы (4) және Ресей Федерациясы (7).

Бұл теміржол машинасын жасау кәсіпорындары және теміржол көлігі үшін өнеркәсіп тауарларын өндіруді қамтамасыз ететін өнімдер (материалдар, жиынтықтаушылар, жабдықтар), сондай-ақ теміржол көлігі инфрақұрылымының тасымалдары мен қызметіне ілеспе өнімдер өндіретін кәсіпорындар.

Бірыңғай тізбе ЕАЭО мемлекеттерінің уәкілетті органдары берген кәсіпорындардың өздері туралы (деректемелер мен байланысу), сондай-ақ ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің Тауар номенклатурасының кодтарын көрсете отырып, олар өндіретін тауарлар туралы ақпаратты қамтиды.