Жаңылыктар

17.08.2021 (Обновлено: 10.01.2022 12:56)

ЕЭК Алқасы жекелеген ауыл шаруашылығы тауарларын әкелуге арналған тарифтік квоталарды белгіледі

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы ет өнімінің және сүт сарысуының бірқатар түріне қатысты тарифтік квоталарды белгілеу және бөлу туралы шешім қабылдады.
«Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, ЕЭК оларды мүше мемлекеттерде тұтыну мен өндірудің теңгерімін, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемелерді ескере отырып, үшінші елдерде шығарылатын және ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген санаттарына қатысты тарифтік квоталарды айқындайды», — деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.

Болжамға сай, ағымдағы жылы өнім өндірісінен оны тұтыну көлемі: ірі қара еті бойынша 237,4 мың т, шошқа еті – 34,9 мың т, құс еті – 281,3 мың т және сүт сарысуы бойынша 0,5 мың т мөлшерінде асып түседі деп күтілуде.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін 2022 жылға арналған тарифтік квоталар мемлекеттердің ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттамаларда тіркелген мөлшерінде белгіленген. Армения Республикасы, Беларусь Республикасы және Қырғыз Республикасы үшін тарифтік квоталар тараптардың сұрату көлемдері ескеріле отырып, өндіру мен тұтынудың айырмашылығы шегінде айқындалған.

Мәселен, ірі қара еті бойынша квота Армения Республикасы үшін 5 мың тонна, Қазақстан Республикасы үшін 21 мың тонна, Қырғыз Республикасы үшін 5 мың тонна және Ресей Федерациясы үшін 570 мың тонна құрайды. Шошқа еті бойынша квота мынадай көлемде: Армения Республикасы үшін 7,5 мың тонна, Беларусь Республикасы үшін 20 мың тонна және Қырғыз Республикасы үшін 4,5 мың тонна болып бөлінген.

Құс еті және қосалқы өнімдері бойынша квота Армения Республикасы үшін 44 мың тонна, Беларусь Республикасы үшін 10,9 мың тонна, Қазақстан Республикасы үшін 140 мың тонна, Қырғыз Республикасы үшін 58 мың тонна және Ресей Федерациясы үшін 364 мың тонна құрайды. Сүт сарысуын әкелу квотасы Армения Республикасы үшін 0,5 мың тонна көлемінде және Ресей Федерациясы үшін 15 мың тонна көлемінде белгіленген.