Жаңылыктар

03.06.2021 (Обновлено: 30.12.2021 09:06)

Михаил Мясникович: «Иранмен толыққанды еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді таяу уақытта бастау жоспарлануда»

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович және Иран энергетика министрі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Ресей-Иран үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Реза Ардаканиан ПХЭФ-2021 шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында толыққанды еркін сауда аймағын құру перспективаларын талқылады.
«Келіссөздерді бастау туралы қажетті шешімдер ЕАЭО-да өткен жылғы желтоқсанда қабылданды, қазір Одақ елдері келіссөздерге арналған нақты мандатты қалыптастыруды аяқтап қалды, – деп өз пікірін білдірді Михаил Мясникович. – 2021 жылғы маусымның соңында біз қажетті рәсімдерді аяқтаймыз және келіссөздерге кірісуге дайын боламыз деп есептеп отырмыз».

Михаил Мясниковичтің пікірі бойынша ЕАЭО мен Иранның арасындағы уақытша келісім ынтымақтастықты дамытудың тиімді құралына айналып та үлгірді.
«2020 жылы ЕАЭО мен Иранның арасындағы тауар айналымы 2,9 млрд АҚШ долларына жетіп, 2019 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 18,5% өсті. ЕАЭО елдерінің Иранға экспорты 2021 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 43,5%, ал импорт – 20% ұлғайды. Осылайша, тауар айналымы үштен бірден астам шамаға ұлғайып, 1,15 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Кездесуде ЕАЭО елдері мен Иранның барынша перспективалық жобаларына ерекше назар аударылды, олардың ішінде – «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ басқа да кооперациялық бастамалар бар.

Анықтама:
Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттердің және екінші тараптан Иран Ислам Республикасының арасында еркін сауда аймағының құрылуына әкелетін уақытша келісімге 2018 жылғы 17 мамырда қол қойылды және ол 2019 жылғы 27 қазанда күшіне енді.
Уақытша келісімнің 1.3-бабына сәйкес тараптар еркін сауда туралы келісім жасасу туралы келіссөздерді бастауға тиіс.
2020 жылғы 11 желтоқсанда ЖЕЭК шешімі қабылданды, оған сәйкес ЕАЭО мемлекеттеріне ЕЭК-пен бірлесіп еркін сауда туралы келісім жасасу бойынша және уақытша келісімнің 1.3-бабында көзделгендей уақытша келісімнің қолданылуын ұзарту бойынша Иранмен келіссөздерді бастау тапсырылды.
ЕАЭО елдерінің Иранмен тауар айналымы 2021 жылғы қаңтар – наурызда 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33,8% ұлғайды. ЕАЭО-ның Иранмен саудасында барынша көп үлесті Ресей алады (78,6%). Қазақстанның үлесі – 11,2%, Беларусияның үлесі – 0,7%, Арменияның үлесі – 8,9%, Қырғызстанның үлесі – 0,7%.