Жаңылыктар

30.12.2021 (Обновлено: 12.01.2022 14:17)

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің келе жатқан 2022 жылмен құттықтауы

Қымбатты әріптестер, достар!


Жаңа 2022 жылдың келуіне орай ең ізгі құттықтау тілегімді қабыл алыңыздар!


Жаңа жыл қарсаңы — қашан да қуаныш пен шаттықтың, барша істің қорытындысын шығарып, алдағы күндерге жоспар құрудың қолайлы кезеңі.

Өткелі тұрған жыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін барынша оң, құтты жыл болды. COVID-19 пандемиясының біздің елдеріміздің экономикаларына тигізген теріс ықпалы біртіндеп әлсіреп келеді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі өсе түсті, жұмыссыздық есі еседен астам қысқарды, өзара және сыртқы сауда үштен бірге дерлік өсті.

2021 жылы Еуразиялық интеграция үшін маңызды шешімдер қабылданды. Одақта тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімге қол қойылды. ЕАЭО елдерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің мемлекеттік сатып алуға тең қол жеткізуі қамтамасыз етілді. «Шекарасыз жұмыс» жобасы іске қосылды, оны іске асыру одақтық еңбек нарығында азаматтардың жұмысқа орналасу және жалдану мүмкіндіктерін кеңейтеді. ЕАЭО мемлекеттерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім күшіне енді.

Одақта халықаралық практикада аналогы жоқ техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылды. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі цифрлық техникалық реттеу» жобасын жүзеге асыру іске қосылды.

Мұндай нәтижелерге Еуразиялық экономикалық комиссияны қоса, ұлттық үкіметтер мен Одақтың басқарушы органдарының үйлесімді күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді. Өтер жылды қорытындылай отырып, Еуразиялық интеграцияны дамытуға жеке зор үлес қосқаны үшін мемлекет басшыларына, үкімет басшыларына, ЕЭК Кеңесінің мүшелеріне айрықша ризашылық сөзімді арнағым келеді.

Біз Одағымыздың қарқынды дамып келе жатқанын, мүше мемлекеттердің экономикалық және заңнамалық позицияларының жақындай түскенін көріп отырмыз. Бұл — ЕЭК-тің қатардағы маманынан бастап департамент директорлары мен министрлеріне дейінгі әрбір қызметкерінің сіңірген жеке елеулі еңбегі. Комиссияның барлық блогының жауапты әрі үйлесімді жұмысы — біздің алдағы ортақ табыстарымыздың кепілі.

ЕАЭО инвестициялар мен зияткерлік ресурстарды, жоғары технологияларды тартудың өңірлік орталығы, күшті, бәсекеге қабілетті және өркендеуші бірлестік бола түсті.

Одақта жұмыс істеуге және дамуға жайлы жағдай бар. Бұл Еуразиялық интеграцияның ең басты жетістігі болса керек. Біз көп жұмыс істедік. Әлі де көп нәрсе істеуміз керек. Алдымызда — жаңа міндеттер тұр.

Осынау тамаша мерекеге орай менің шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыздар! Жаңа жылда барлық армандарыңыз бен үміттеріңіз орындалсын. Баршаңызға шексіз бақыт және мол игіліктер тілеймін, ал Еуразиялық экономикалық одағымыздың алдағы уақытта да табыстан табысқа жетіп, өркендей беруіне тілектеспін! Жаңа жыл құтты болсын!

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович