Башкы
/
Жаңылыктар
/
Санкт-Петербург қаласында ЕАЭО-да өнеркәсіпті қорғау құралы ретінде техникалық реттеуді дамыту мәселесі талқыланды
Санкт-Петербург қаласында ЕАЭО-да өнеркәсіпті қорғау құралы ретінде техникалық реттеуді дамыту мәселесі талқыланды
30.10.2025
Санкт-Петербургте Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының Техникалық реттеу комитеті мен РӨКО радиоэлектроника және электротехника өнеркәсібін дамыту жөніндегі комиссиясының бірлескен отырысы аясында өткен ашық сессияда Еуразиялық экономикалық комиссияның салалық департаменті директорының орынбасары Максим Ким Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі техникалық реттеу саласындағы қызметі туралы айтып берді.
ЕЭК өкілі Одақтың техрегламенттерінің талаптарын және электротехника мен радиоэлектроникадағы стандарттар тізбесін өзектендіруді қоса алғанда, осы бағыттар бойынша Комиссияның жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабарлады.
"Техникалық регламенттерді әзірлеу және қабылдау механизмі, олардың талаптарының орындалуын бағалау және бақылау үшін құжаттар базасын қалыптастыру, олардың пайдаланушы үшін қолжетімділігі, міндетті талаптардың ғылыми–техникалық деңгейін бағалауды ұйымдастыру – осының барлығы Одақ құқығымен регламенттелген", – деп атап өтті Максим Ким.
Ол қазіргі уақытта Комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп Одақтың 52 техникалық регламентін әзірлеп, қабылдағанын, оның ішінде 48 регламенттің күшіне енгенін, дәлелдемелік базаны қалыптастыру және өзектендіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Максим Ким стандарттау мәселелеріне ерекше назар аударды: "ЕАЭО-ның дәлелдемелік базасына электротехника және радиоэлектроника саласындағы мыңнан астам озық мемлекетаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Бұл құжаттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру деңгейі шамамен 90 пайызды құрайды".