ЕАЭО елдері мен Аргентина ауыл шаруашылығындағы өзара іс-қимылды жандандырады
23.11.2021
Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалянның Аргентина Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эдуардо Зуайнмен ЕЭК алаңында болып өткен кездесуінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері мен Аргентина Республикасы арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өзара бизнес-миссияларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысты бірқатар мәселені талқылады.ЕЭК министрі Еуразиялық экономикалық комиссия мен Аргентина Республикасы Өндіріс және еңбек министрлігінің Агроиндустрия жөніндегі Үкіметтік хатшылығы арасындағы Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумды дәйекті іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Өз жұмысымызда біз материалдық-техникалық ресурстар өндірісі, мал шаруашылығы, шарап жасау, органикалық ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы бірлескен инвестициялық жобаларға айрықша мән беруге тиіспіз. Біз технологиялар трансфері, асыл тұқымды малды геномдық бағалау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндігіне де зор мән береміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы шикізаты мен азық-түліктің өзара саудасы көлемдерінің өсу серпіні атап өтілгені сүйінішті. Бұл өзара іс-қимылдың әлеуеті әлі сарқылып болмағанына сенімдімін. Ынтымақтастықтың жаңа кезеңін іс-қимылдың бірлескен жоспарына қол қоюдан бастауымыз да қисынды көрінеді. Тараптардың қолданыстағы меморандум шеңберіндегі мүмкіндіктері мен өзара іс-қимылының әлеуетті жолдарын нақты белгілеп көрсететін кітапша әзірлеу де маңызды», — деп атап көрсетті Артак Камалян.
Артак Камалян Одақ елдері мен Аргентинаның жекеше секторының өкілдерін тарта отырып инвестициялық іс-шараларды өткізу өзара сауданы жандандыруға, елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тараптар қол жеткен уағдаластықтарды іске асыру тараптарға қазіргі заманғы, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешендерін құру міндеттерін шешу үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің табысты практикаларымен алмасудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді деген пікірге келді.
Анықтама:
Латын Америкасы елдері арасында Аргентина ауыл шаруашылығының мал шаруашылығы, сүт, астық және майлы дақылдар өндірісі сияқты түйінді бағыттарын дамыту деңгейі бойынша көшбасшылық позицияда тұр. Бұл ретте Аргентина Республикасының ЕАЭО-ның сыртқы саудасындағы үлесі елеулі емес. 2020 жылы ЕАЭО-ның Аргентинамен сауда айналымы 847 млн долл.құрады. ЕАЭО-ның жалпы импортында Аргентина жеткізілімдерінің үлес салмағы 3%-ға жуық.
2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда ЕАЭО-дан Аргентинаға ұн тарту-жарма өнеркәсібі өнімдерінің, алкогольді және алкогольді емес ішімдіктердің жеткізілімі ондаған есе өсті, ал ЕАЭО-дан өнімдердің экспорты тұтастай 50 % артты.
Еуразиялық экономикалық комиссия мен Аргентина Республикасы Өндіріс және еңбек министрлігінің Агроиндустрия жөніндегі Үкіметтік хатшылығы арасындағы Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға 2019 жылғы 1 тамызда Буэнос-Айресте қол қойылды.