Жаңылыктар

01.12.2021 (Обновлено: 31.03.2022 17:41)

ЕАЭО елдері мен Бангладештің тауар айналымын $3 миллиардқа жеткізетіндей әлеуеті бар

1 желтоқсанда Комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Бангладеш Халық Республикасы Сауда министрінің орынбасары Нур Махбубул Хактың бірлескен төрағалығымен өткен Еуразиялық экономикалық комиссия мен Бангладеш Халық Республикасы Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысына қатысушылар осындай пікірге келді. Сергей Глазьев ЕАЭО елдерінің Бангладешпен сауда айналымы он жыл ішінде алты есе артқанын атап көрсетті.

«Өткен жылдың өзінде, қиындықтарға қарамастан, біз 11% — 2,6 млрд АҚШ долл.дейін өсімге ие болдық. Біздің саудамыз теңгерімделген, оның оң серпіні бірлескен бәсекелестік артықшылықтар одан әрі пайдаланылады деп есеп жасауға мүмкіндік береді. Біздің экспортымыздың айтарлықтай бөлігін — 40%-дан астамын машиналар, жабдық пен көлік құралдары құрайды. Бангладеш тарапынан біз жоғары сапалы халықтық тұтыну тауарларын: тоқыма мен трикотаж, азық-түлік тауарларын, теңіз өнімдерін аламыз», — деді Сергей Глазьев.

Ол ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде ЕАЭО-ың Бангладешпен тауар айналымы біржарым есе — 2,2 млрд АҚШ долл.дейін өскенін де қоса айтып өтті.

«Біз тауар айналымының 3 млрд АҚШ долл.көлеміне шығуға толық мүмкіндігі бар деп пайымдаймыз, сіздермен бірге біз осындай міндетті алға қоя алар едік. Ауыл шаруашылығы өнімдері, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, фармацевтика тауарлары, сондай-ақ қосылған құн деңгейі жоғары өзге де өнім түрлері есебінен тауар айналымын арттырудың іске асырылмаған мүмкіндіктері бар. Соңғы жылдардағы тауар айналымының өсуі нақ осындай тауарлар саудасына негізделген және өзара инвестициялар көлемінің, көрсетілетін қызметтер саудасының өсуімен, соның нәтижесі ретінде жаңа кооперациялық байланыстардың пайда болуымен сүйемелденіп отыр», — деді Сергей Глазьев.

Сергей Глазьев Комиссияның Бангладешпен өзара іс-қимылға кең тұрғыда — Үлкен Еуразиялық әріптестікті қалыптастыру іргетасының элементтерінің бірі ретінде қарайтынын атап көрсетті.

Нур Махбубул Хак өз кезегінде ЕАЭО ел үшін сауда-экономикалық қана емес, сонымен бірге стратегиялық та әріптес ретінде қызығушылық тудыратынын атап өте келіп, ЕЭК пен Бангладеш Үкіметі арасындағы ынтымақтастықты тереңдеуге мүдделілік білдірді. ЕАЭО мен Бангладештің сауда-экономикалық ынтымақтастығын сақтау үшін бұл елдің экономикалық өсудің жоғары қарқынына қол жеткізуі (пандемияға дейінгі кезеңде 7-8% және үстіміздегі жылы 5%-ға жуық), сондай-ақ ЕАЭО елдері компанияларының қатысуымен Бангладеште энергетика, жерсеріктік байланыс саласындағы жобалардың іске асырылуы жақсы негіз болып табылады. Бангладеш Үкіметінің экономикалық реформаларды іске асыру, соның ішінде айрықша экономикалық аймақтар құру жөніндегі жоспарлары, күтіліп отырғанындай, бұл елдің 2030 жылға қарай Азиядағы ең аз дамыған елдер санатынан шығуына мүмкіндік береді.

Тараптар басымдықтар ретінде энергетика, өнеркәсіп, соның ішінде фармацевтика, экологиялық таза өнім түрлерінің өндірісі, көлік инфрақұрылымы және басқа салалардағы ынтымақтастықты айқындады.

Ойға алған істерді іске асыруға ЕАЭО Іскерлік кеңесі мен Бангладеш сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясы арасындағы тікелей өзара іс-қимыл орнату жәрдем көрсетеді. Бұл туралы алдын ала уағдаластыққа кездесуге қатысқан Қырғыз өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті Данил Ибраевтың бастамасы бойынша қол жеткізілді.

Жұмыс тобы отырысының алдында сарапшылық консультациялар өткізілді, олардың барысында ЕАЭО-ның жұмыс істеуі, соның ішінде Одақтың халықаралық қызметін жүзеге асыру, бәсекелестік саясаты, кеден әкімшілігін жүргізу және басқа мәселелер бойынша пікір алмасу болып өтті.

Жұмыс қорытындысы бойынша тараптар 2025 жылға дейінгі бірлескен іс-шаралар жоспарын қалыптастыру туралы уағдаласты. Оған 2022 жылы қол қою жоспарлануда.


Анықтама:

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Бангладеш Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға 2019 жылғы 31 мамырда Мәскеуде қол қойылды. Құжат сауда, техникалық және кедендік реттеу, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану және т.б. салалардағы ынтымақтастықты бағамдайды. Меморандум сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылау үшін бірлескен жұмыс тобын қалыптастыруды көздейді.