Жаңылыктар

19.05.2021 (Обновлено: 21.12.2021 11:33)

ЕАЭО-да астық сатудың биржалық құралдары әзірленеді

Мәскеуде 18 мамырда өткен БҰҰ Азық-түлік жүйелері жөніндегі 2021 Саммитін қолдау орайындағы «Әртүрлі жолдар – біртұтас мақсат» тәуелсіз диалогы барысында бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев мәлімдеді. Сергей Глазьевтың хабарлауынша, Еуразиялық экономикалық одақта азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. COVID-19 пандемиясына қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Одақ елдерінде ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің 2,3% өсуі тіркелді.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарда айқындалған. Бұл, мысалы, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға, импортты алмастыруға, ЕАЭО шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бірлескен бағдарламаларын іске асыруға байланысты шаралар мен механизмдер», — деді ЕЭК министрі.

Сергей Глазьев, сонымен қатар, әлем елдерінің бәрі бірдей азық-түлік тауарларының сынамды тапшылығынан құтыла алмағанын атап көрсетті.

«ММУ-де жүргізілген қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы технологияларының мүмкіндіктерін есептеу ауыл шаруашылығының технологиялық базасының қазіргі жай-күйі кезінде 20 миллиардтан астам адамды тамақтандыруға болатындығын көрсетті — бұл Жер тұрғындарының санынан екі есе көп. Мәселе — адамдардың тым көп екендігінде немесе топырақ пен тиімді технологиялар жетіспейтіндігінде емес, ауыл шаруашылығы тауарларын таратып бөлудің жетіспейтін механизмдерінде», — деп атап өтті Сергей Глазьев.

Ол тауарларды тиімсіз таратып бөлудің үш себебін: әлеуметтік теңсіздікті, ірі корпорациялар тарапынан нарықтағы монополиялық жағдайды теріс пайдалануды, айла-шарғыға ұшыраған қазіргі заманғы халықаралық сауданың жетілмегендігін атады.

Сергей Глазьев әлемдік азық-түлік проблемасын шешу үшін, ең алдымен, сумен қамтамасыз етумен байланысты қиындықтарды жою үшін жаһандық инвестициялық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Бұдан басқа, оның пікірінше, ұлттық валюталардың сатып алу қабілетінің төмендеуі мен нарықтың айла-шарғы жасауының қанаушы әсерін жою қажет.

«Біз Еуразиялық экономикалық одақта биржалық кеңістікті дамыту мүмкіндігін қарастырамыз және алғашқы пилоттық жоба ретінде астықтың биржалық саудасының құралдарын әзірлейтін боламыз. Болашақта біз ЕАЭО биржаларына негізделген және ең алдымен азық-түлік проблемасының шиеленісуіне тап болған Африка мемлекеттері үшін ашық бола алатын астық саудасының халықаралық жүйесін құруға тырысамыз», — деп мәлімдеді Сергей Глазьев.

Тәуелсіз диалог аясында Еуразия халықтары ассамблеясының бас хатшысы Андрей Бельянинов әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасына түзетулер енгізуді ұсынды.

«Күн сайын әлемде 25 мың адам тамақтанбаудан және аштыққа байланысты аурулардан қайтыс болады. Алайда осы уақытқа дейін азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасы негізінен тамақ сапасына емес, тағамдық калорияға шоғырландырылған. Оған түзетулер енгізудің уақыты келді», — деп атап көрсетті Андрей Бельянинов.


Анықтама

Тәуелсіз диалогты БҰҰ Бас хатшысының бастамасы бойынша қарашада өтетін Азық-түлік жүйелері жөніндегі 2021 Саммиті қарсаңында «Еуразия халықтарының ассамблеясы» халықаралық үкіметтік емес ұйымдар одағы ұйымдастырды.

Талқылауға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Алдағы саммиттің мақсаты — әлемдік қоғамдастықтың әлемдегі азық-түлік өндірісі мен тұтыну әдістерін өзгертуге, тамақтануға байланысты аурулардың санын азайтуға, ғаламшарды сауықтыруға және БҰҰ-ның Орнықты дамуының 17 мақсатын жүйелік іске асыруда жақсарысқа қол жеткізуге бағытталған белсенді күш-жігерге шақыруы болып табылады.