Жаңылыктар

08.10.2021 (Обновлено: 15.02.2022 10:32)

«Алтын күз - 2021»: ЕАЭО АӨК дамуының перспективалық бағыттары көрсетілді

Қазіргі заманғы жаһандық конъюнктура мен қолда бар ресурстық әлеует Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін ұлғайту мен оның экспорттық әлеуетін іске асырудың зор перспективасын құрады. Бұл туралы «Алтын күз - 2021» Ресей агроөнеркәсіп көрмесінің іскерлік бағдарламасы шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Армен Арутюнян мәлімдеді.

«Әлемдегі органика нарығы өсуінің өскелең қарқыны халықаралық экологиялық күн тәртібіне де, неғұрлым көп адамның саналы түрде органикалық өнімді тұтынуын қоса, саламатты өмір салтын ұстануына да негізделген. Бұл ретте Одақ елдерінің органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісіне, таңбалануына қойылатын ұлттық талаптарында, сондай-ақ сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеуінде айрымашылықтар бар, ал бұл осындай өнімнің ЕАЭО-ның ортақ нарығындағы еркін айналысына кедергі келтіреді. Біздің ортақ міндетіміз - осы мәселені шешу және органикалық өнім өндірушілерге одан әрі даму үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау»,- деп атап көрсетті ЕЭК департаментінің директоры «Ресей органикалық өнімнің әлемдік нарығында: көшбасшылық позицияға қалай ие болу керек» панельдік пікірсайысы барысында.

«Органика – қайта жүктеу» дөңгелек үстелі барысында бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ЕЭК Агроөнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Айна Құсайынова да айтып берді.

«Биылғы тамызда Одақ елдерінің үкімет басшылары бекіткен жол картасының іс-шараларын іске асыру ЕАЭО-да органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің бірыңғай нарығын құруға мүмкіндік береді. Бұл сауданың дамуына да, осындай өнімді қайта өңдеуді тереңдету жөнінде біздің елдеріміздің арасында кооперациялық тізбектерді түзуге де ықпал ететін болады»,- деп атап өтті Айна Құсайынова.

Комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп, Одақта органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің айналысы туралы келісім жобасын дайындауды 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

«Алтын күз - 2021» көрмесінің іс-шаралары шеңберінде ЕЭК агроөнеркәсіп блогының басшылығы Одақ мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешендегі интеграциялық өзара іс-қимылының бірқатар перспективалы бағыттарын ұсынды. Соның бірі - акваөсіруді дамыту.

«Балық шаруашылығы қызметі ЕАЭО мемлекеттері үшін елеулі нығаю әлеуеті бар өскелең сала. Мысалы, соңғы үш жылда акваөсіру өнімі өндірісінің көлемі тұтастай Одақ бойынша 50% өсті. Бұл ретте неғұрлым маңызды ұлғаюды Қазақстан мен Қырғызстан (2,4 есе өсім), сондай-ақ Ресей (1,5 есе өсім) көрсетті»,- деді Армен Арутюнян «Отандық балық өңдеудің дамуы: бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары» дөңгелек үстелі отырысында.

Армен Арутюнянның сөзінше, Комиссияның агроөнеркәсіп блогы балық нарығының мүдделі қатысушыларымен бірлесіп, Одақ мемлекеттеріндегі акваөсіруді және балық аулауды орнықты дамытудың қағидаттары мен тәсілдемелерін әзірлеу мәселесіне бастамашылық жасайды, бұл инвестицияларды тиімді салуға және саланы жаңғыртуға, ресурстардың импортына тәуелділікті азайтуға ықпал етеді, сондай-ақ саланы мемлекеттік басқару механизмдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

 

Анықтама:

«Алтын күз - 2021» агроөнеркәсіп көрмесі - Ресейдегі ауыл шауашылығы жетістіктері байқауының аса ірі көрмесі. Биыл көрмеге Ресейдің әртүрлі өңірінен 100-ден экспонат қатысты. Іс-шара Мәскеу облысындағы «Патриот» саябағында өтті.