News

09.11.2021 (Обновлено: 03.03.2022 10:05)

ЕЭК ЕАЭО-да авиажасаудағы кооперацияны кеңейту жұмысын жалғастырады

ЕЭК Алқасы 9 қарашадағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне азаматтық авиажасаудағы кооперациялық ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.

Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды. Сөз импорт алмастыру және ЕАЭО елдерінің экономикалық және технологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұлттық экономикаларды дамытудың басымдықты бағыттарын ескере отырып одақтық мемлекеттерде авиациялық техниканы, жиынтықтаушы және ілеспе өнімдерді өндіру туралы болып отыр. Инновациялық, перспективалық және жоғары технологиялық тауарларды бірлесіп әзірлеу үшін кооперациялық тізбектерге Одақ мемлекеттерінің өндірушілерін тарту ұсынылды.

«Құжаттың айтулы бөлігі — азаматтық авиажасаудағы бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыруға дайын Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өнеркәсіп кәсіпорындарының бірыңғай тізбесі. Тізбе Одақ мемлекеттерінің уәкілетті органдарының кәсіпорындар өндіретін тауарлар туралы берген деректерінің, сондай-ақ компаниялардың деректемелері мен байланысу ақпараттары негізінде қалыптастырылған. Бұл құжат бірлескен кооперациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ Одақта қосымша құн тізбегін құруға көмектесу үшін катализатор бола алады», — деп мәлімдеді ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.
  

Бірыңғай тізбе Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланады. Құжат тұрақты толықтырылып отырады.

ЕЭК Алқасы сондай-ақ Одақ елдеріндегі азаматтық авиажасау саласында өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі 2021 — 2025 жылдарға арналған іс-шаралар (жол картасы) жоспарының тараптармен келісілген жобасын мақұлдады және Одақтың жоғары тұрған органдарының қарауына жіберді.

Жол картасы «Азаматтық авиажасау» Еуразиялық технологиялық платформасын қалыптастыруды, жобаларды қаржыландыру мәселелерін шешуді, академиялық ұтқырлықты дамытуды, ЕАЭО мемлекеттерінің осы саладағы нормативтік құқықтық базасын жетілдіруді, үлкен талдау жұмыстарын жүргізуді бағамдайды. Түйінді міндет — ЕАЭО-да авиақұрауыштарды әзірлеуші кәсіпорындардың кооперациялық тізбегін қалыптастыру.

 

Анықтама:

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 2020 жылғы желтоқсанда авиажасау саласында ЕАЭО мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейту және авиация өнеркәсібін қоса, өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларында импорт алмастыру жөнінде комиссия құру міндетін қойды. Бұл жұмыстың мақсаты — авиажасаудағы ынтымақтастықты жандандыру, жаңа кооперациялық тізбектерді іздеу, Одақ аумағында қосымша құн жасау.