Նորություններ

21.12.2021 (Обновлено: 01.04.2022 13:33)

ЕЭК пен Беларусьтың монополияға қарсы реттеушісі бәсекелестік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев пен Беларусь Республикасы Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің басшысы Владимир Колтовичтің Минскідегі жұмыс кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық одақта бәсекелестік қағидаларын бұзушылыққа тергеп-тексеру жүргізу, мемлекеттік сатып алу саласындағы реттеу кезіндегі өзара іс-қимыл және басқа мәселелер талқыланды.
Тараптар цифрлық нарықтарды реттеуді — осындай нарықтардағы бәсекелестікті бағалау тәсілдемелерін үндестіру мәселелерін де айтып өтті.

Белорус тарапы ЕЭК-тің Одақтың барлық елінде дәрілік заттарды бір мезгілде тану қажеттігі, сондай-ақ ақпараттық платформа — ЕАЭО мемлекеттерінде айналымға енгізілген дәрілердің өзіндік бір деректер банкін құру туралы бастамасын қолдады.

«Ұлтүсті орган ретінде Комиссия үшін ұлттық реттеушілерімен ынтымақтастық айрықша бағалы. Бұл бізге «сағат салыстыруға», монополияға қарсы реттеу, құқық қолдану практикасы және заңнаманы жетілдіру саласындағы өзекті проблемаларды айқындауға көмектеседі», — деп Арман Шаққалиев кездесу қорытындысына түсіндірме жасады.

Тараптар ЕАЭО елдері монополияға қарсы ведомстволары басшылары мен ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрінің өткелі тұрған жылғы 23 желтоқсанда 5+1 форматында өтетін кеңесі шеңберінде диалогты жалғастыруға уағдаласты.