Նորություններ

25.11.2021 (Обновлено: 31.03.2022 15:24)

ЕЭК пен ТМД интеграциялық процестерді ұштастыру мәселелерін талқылады

Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі интеграциялық процестерді ұштастыру 24 қарашада Беларусь Республикасы Сыртқы істер министрлігінің төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде өткен СІМ-аралық консультациялардың басты тақырыбы болды. Іс-шараға қатысушылар Еуразиялық экономикалық комиссия мен ТМД Атқарушы комитеті арасындағы 2018 жылғы 27 қарашадағы Өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумды іске асыру барысын талқылады, сондай-ақ ТМД және ЕАЭО желісі бойынша ынтымақтастықтың неғұрлым өзекті және сұранысты бағыттары бойынша бірлескен жұмысты жандандыру жолдарын белгіледі.

Меморандумды іске асыру жөніндегі жұмыстардың қорытындылары бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян мен ТМД Атқарушы комитеті экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Михаил Мыскин баяндама жасады.

«ЕЭК пен ТМД Атқарушы комитетінің өзара іс-қимылының өзектілігі экономикалық салада ЕАЭО мен ТМД-ның өзара қиылысатын күн тәртіптерін ескере келгендегі диалогтың практикалық маңыздылығына негізделген, — деп атап өтті Гоар Барсегян. — Сондай-ақ Комиссия мен ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшелері арасындағы толық форматты диалог үшін қажетті инфрақұрылым құрылды».

Интеграцияны дамыту департаменті директорының пікірінше, «интеграциялық процестерді тиімді дамытуға іс-шараларға өзара қатысу, тәжірибе алмасу, соның ішінде мақсатты бағдарламалар мен жоғары технологиялық жобаларды әзірлеу мен іске асыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ пайда болған проблемаларды шешуге қатысты ортақ тәсілдемелерді тұжырымдау ықпал ететін болады».

Гоар Барсегян Комиссияның экономикалық өзара іс-қимылдың сол немесе өзге саласындағы реттеуді нүктелі теңшеу, сондай-ақ пайда болған проблемаларды жедел шешу үшін Достастықтың ЕАЭО мүшесі болып табылмайтын мемлекеттерімен өзара іс-қимылдың неғұрлым қолайлы модельдерін іздеуге дайын екендігі туралы мәлімдеді. 

«Мәселен, егер ТМД-ның жекелеген елдері өздерінің құқықтық нормаларын Одақ құқығына бейімдеуге мүдделі болса, Комиссия экономикалық салада ұлттық заңнаманы Одақ регуляторикасына бейімдеудің жекелеген аспектілері жөнінде бейінді құрылымдық бөлімшелер желісі бойынша консультациялар өткізе алады», — деп атап өтті ЕЭК Интеграцияны дамыту департаментінің директоры.

Михаил Мыскиннің сөзінше, бүгінгі таңда ТМД мен ЕЭК құрылымдары арасында ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша тікелей диалог орнатылған, ол жедел ақпарат алмасуға мүмкін береді және ТМД мен Одақ шеңберінде әзірленетін екі құрылым үшін де өзекті жобаларды талқылауға сарапшылардың белсене қатысуын қамтамасыз етеді.


Беларусь пен Ресейдің өкілдері ТМД мемлекеттерін ЕАЭО мен ТМД шеңберіндегі интеграциялық процестерді ұштастыру мәселесіне бұдан да кеңірек тарту қажеттігін атап өтті.

Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның, ТМД Атқарушы комитетінің, сондай-ақ Армения Республикасының, Әзербайжан Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері қатысты.