Նորություններ

21.05.2021 (Обновлено: 29.12.2021 15:14)

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке жатқызу және бөлу тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын жүргізу туралы келісімге қол қою жөнінде шешім қабылдады

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары 21 мамырдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары бойынша кедендік әкелу баждарының (өзге де баждардың, салықтардың және баламалы күші бар алымдардың) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын жүргізу туралы келісімге қол қояды. Келісім Одақ елдерінің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жүргізетін бірлескен бақылау іс-шараларының мақсаты мен объектілерін, оларды жүргізу тәртібін, нәтижелерді ресімдеуді, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою механизмін айқындайды.

Анықтама:
2010 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақта ЕАЭО-ның әрбір мемлекетінде төленген кедендік әкелу баждарының сомалары Одақтың барлық елінің бюджеттері арасында белгілі бір бөлу нормативтері бойынша бөлінеді.

Қазіргі уақытта баждарды есепке жатқызу және бөлу тәртібі Одақ туралы шартқа № 5 қосымшада айқындалған. Құжатқа сәйкес Одақ елдерінің жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жыл сайын осы тәртіптің сақталуын тексереді.Мұндай тексерулерді жүргізу практикасы бақылау іс-шараларын жүргізу тәртібін, кезеңдері мен мерзімдерін, анықталған бұзушылықтарды жою механизмін халықаралық шарт деңгейінде бекіту қажеттігін көрсетті.

Жоғары мемлекеттік қаржылық бақылау органдары – Армения Республикасының Аудиторлық палатасы, Беларусь Республикасының Мемлекеттік бақылау комитеті, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қырғыз Республикасының Есеп палатасы және Ресей Федерациясының Есеп палатасы.