Жаңалықтар

03.02.2023 (Обновлено: 10.02.2023 17:39)

ЕЭК Еуразиялық желілік университеттің қолдауымен жоғары оқу орындары үшін Еуразиялық интеграция бойынша оқу құралын шығарды

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Алматы менеджмент университетінің (AlmaU) ректоры Гүлнара Күреңкеева Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастығын және Еуразиялық желілік университеттің жұмысын жетілдіруді талқылады. Кездесу 3 ақпанда Алматыда болып өтті.

Алматы менеджмент университеті өткен жылы құрылған Еуразиялық желілік университеттің қатысушысы болып табылады. Бүгінде желілік университетке ЕАЭО-ның барлық елінен 19 жоғары оқу орны кіреді.

Сергей Глазьев атап көрсеткендей, интеграциялық процестер қозғалысының логикасы ЕАЭО елдерінің ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастығын дамыту қажеттігіне итермелейді.

"Адами капитал стратегиялық ресурс болып табылады, оны дамытпайынша, орнықты өсудің траекториясына шығу мүмкін емес. Осыған байланысты Еуразиялық желілік университет қатысушыларының ЕАЭО-ның ортақ еңбек нарығы үшін кадрларды кәсіби даярлау саласындағы өзара іс-қимылын жандандырған маңызды", — деп атап өтті ЕЭК министрі.
Сергей Глазьев сондай-ақ ТМД кеңістігіндегі бизнес-білім беру саласында үлкен жұмыс тәжірибесі бар жоғары оқу орны ретінде Алматы менеджмент университетінің бұл процестегі маңызды рөлін атап көрсетті.

ЕЭК министрі Алматы менеджмент университетінің жұмысымен және оның ғылыми-әдіснамалық базасымен танысты. Университет өкілдері бакалавриаттарға, магистранттарға және докторанттарға арналған оқу бағдарламасымен, сондай-ақ мамандар, кәсіпкерлер мен басқарушылар үшін әзірленген кәсіби қайта даярлау бағдарламасымен таныстырды.

Өз кезегінде Сергей Глазьев университеттің кітапхана қорына Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық желілік университетке қатысушы жоғары оқу орындарының ғылыми қолдауымен әзірлеген "Еуразиялық экономикалық интеграция: теория және практика" оқу құралын табыс етті.

"Оқу құралы Одақ елдерінің білім беру саласындағы өзара іс-қимылын дамытуға ықпал ететін болады деп үміттенеміз", — деді ЕЭК министрі.

Анықтама

Еуразиялық желілік университетті (ЕЖУ) құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға Бішкекте 2022 жылғы 25 мамырда Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕАЭО елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары қол қойды.

ЕАЭО елдерінің кәсіби білім саласындағы ынтымақтастығы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының 10.1 және 10.2-тармақтарында көзделген. Осы саладағы іске асыру механизмдері ЕАЭО еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын одан әрі дамытуға бағытталған.

"Еуразиялық экономикалық интеграция: теория және практика" оқу құралында ЕАЭО мемлекеттерінің интеграцияны дамытудың барлық функционалдық бағыты бойынша келісілген, теңдестірілген шешімдер әзірлеуінің құқықтық негіздері, форматтары мен практикасы ізеуіртті сипатталған. ЕЭК-тің лауазымды адамдары мен қызметкерлері кітаптың тең авторлары болды. Кітапты дайындау жөніндегі жұмыс тобын ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі, экономика ғылымының докторы, профессор, РҒА академигі Сергей Глазьев басқарды. Оқу құралы бакалаврларға, магистранттарға, аспиранттарға, сондай-ақ халықаралық экономикалық қатынастар, мемлекеттік және муниципалдық басқару, халықаралық құқық сияқты бағыттар бойынша жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған.

Алматы менеджмент университеті (AlmaU) 1988 жылы құрылған және ТМД-дағы менеджерлердің жаңа толқынын даярлап шығаратын бизнес-білім берудің көшбасшыларының бірі болып табылады. Университеттің есебінде — ҚР кәсіпкерлерін менеджментке оқыту, ҚР-дағы алғашқы МВА және DBA бағдарламалары, үздік оқытушылар және сұранысқа ие түлектер бар.