Жаңалықтар

07.06.2022 (Обновлено: 16.06.2022 17:12)

ЕЭК министрі Варос Симонян: «Цифрландыру қарқынын біздің интеграциямыздың бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығы айқындайды»

Біздің интеграциямыздың болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығы Одақтағы цифрлық трансформацияны дамытуға және оны реттеуге байланысты болады. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Варос Симонян 7 маусымда Минскідегі «ТИБО-2022» IV Еуразиялық цифрлық форумының жалпы отырысында мәлімдеді.

«Цифрландыру әлемдегі өзгерістер қарқынын тездетті. Ынтымақтастықтың осы өзгерістердің талаптары аясында өзгермейтін, бейімделмейтін кез келген форматы трансформация процестерінің төмен жылдамдығына ұшырайды», — деп санайды Варос Симонян.

Варос Симонян цифрландырудың мүмкіндіктері мен салдарын, оның адамның егемендігі мен құқығын қорғауға тигізетін ықпалын, сондай-ақ цифрлық революция дәуірінде цифрлық жобаларды ауқымды етудегі ЕАЭО рөлін сөз етті.

Ол бүгінгі таңда Одаққа мүше мемлекеттердің қазіргі бар заңнамалық базасы деректер айналымы саласын әртүрлі дәрежеде реттейтінін атап өтті. Одақ елдерінде деректерді оқшаулау жөніндегі талаптар бір елдің шегінде қалыптасқан, электрондық бірдейлендірудің пайдаланылатын тәсілдері шектеулі.

Өз кезегіне Комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, дербес деректерді қорғау мәселелерін қоса, Одақта деректер айналымы туралы халықаралық келісімді әзірлеуге кірісті. Құжатпен жұмысты 2023 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарлануда. Форум аясында болып өткен Еуразиялық экономикалық одақтағы цифрлық трансформация мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі жұмыс тобының отырысы барысында халықаралық шартты дайындау мәселелері талқыланды.

«Нақ осы бірлескен цифрлық жобалар арқылы болашақты жедел әрі тиімді «сезінуге», ортақ цифрлық стандарттарды жасай отырып, сол арқылы Еуразиялық кеңістіктегі цифрлық жобалардың интероперабельділігін, Одақ елдерінің цифрлық трансформациясы ұлттық сегменттерінің мөлшерлес «цифрлық кемелдігін» қамтамасыз ете келіп, ұлттық Үкіметтердің тәсілдемелерін үндестіруге және іс-қимылдарын қадамдастыруға шоғырлануға болады», — деді ЕЭК министрі.

Анықтама

«Тибо» — телекоммуникациялар, ақпараттық және банк технологиялары жөніндегі халықаралық мамандандырылған көрме және конгресс. Биыл 6-10 маусымда Минскіде (Беларусь Республикасы) өтуде. Бұл алаңға ЕАЭО елдерінің IT-саладағы жетістіктері шоғырландырылған. Көрмеге келушілер цифрлық жаңалықтарды көріп, тестілеуден өткізе алады. Қатысушылар үшін цифрлық мемлекетті, «ақылды» қалаларды, бизнес жүргізудің смарт-технологияларын және т.б. ашық талқылау ұйымдастырылған.