Жаңалықтар

16.08.2022 (Обновлено: 25.08.2022 09:49)

Қол электр құралдарының жиынтықтауыштарына арналған кедендік әкелу баждарының нөлдік ставкалары бір жылға ұзартылатын болады

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы қол электр құралдарының өндірісіне арналған жиынтықтауыштардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу баждарының нөлдік ставкаларының қолданылу мерзімін 2023 жылғы 30 маусымға дейін ұзартуға шешім қабылдады.

«Кедендік-тарифтік реттеу шарасы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі қол электр құралдарын өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, олар шығаратын өнімнің көлемін арттыруға және оның ассортиментін кеңейтуге бағытталған», — деп атап өтті ЕЭК Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаменті директорының орынбасары Наталия Самойлова. 

Ол бүгінгі таңда ЕАЭО аумағында қаралып отырған жиынтықтауыштардың шығарылмайтынын нақтылап айтты. Сонымен бірге, жиынтықтауыштардың жекелеген түрлерін шығаруды жолға қоюға мүмкіндік беретін қолданыстағы өндірістік базаның бар екендігін ескере отырып, Одақ елдері арасында қол электр құралдары өндірісі саласында кооперациялық өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселесін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Кедендік әкелу баждарының нөлдік ставкаларын қолданудың үзіліссіздігін қамтамасыз ету үшін ЕЭК Алқасы шешімінің күшін 2022 жылғы 1 шілдеден бастап туындайтын құқықтық қатынастарда қолдану көзделген.

Анықтама

Қол электр құралдарына бұрғылар, перфораторлар, бұрағыштар және соққылайтын пневматикалық кілттер, бұранда кесу және қайрау машиналары, тегістеу және жылтырату машиналары, аралар, пышақтар мен қайшылар, сүргілеу станоктары, балғалар жатады.

ЕЭК Алқасының 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 44 шешіміне сәйкес өнімнің көрсетілген түрлеріне орайлас жекелеген жиынтықтауыштар ЕАЭО СЭҚ ТН-да (уәкілетті органның әкелінетін тауардың нысаналы мақсатын растауы жағдайында) бөлініп көрсетілді, ал оларға қатысты 2020 жылғы 5 маусымнан бастап 2022 жылғы 30 маусымға дейінгі аралықтағы мерзімге кедендік әкелу баждарының нөлдік ставкалары белгіленді.