Жаңалықтар

17.06.2022 (Обновлено: 29.06.2022 12:37)

2022-ПХЭФ: Жаңа экономикалық шындық жағдайында ЕАЭО мен Латын Америкасының сауда-инвестициялық ынтымақтастығын ынталандыру жөнінде нақты ұсыныстар тұжырымдалды

Петербург халықаралық экономикалық форумы шеңберінде 16 маусымда болып өткен «Ресей-Латын Америкасы» бизнес-диалогы барысында әлемдік экономиканың трансформациясы жағдайында Латын Америкасындағы әріптестерімен ЕАЭО елдерінің ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды.

Еуразиялық экономикалық комиссия атынан Интеграция және макроэкономика жөніндегі министр Сергей Глазьев өкілдік етті, ол өзінің сөзі барысында батыстың санкциялық саясаты жағдайында пайда болған сауда тосқауылдарын еңсеру мақсатында ЕАЭО мен Латын Америкасы өңірлері арасында ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

«ЕАЭО мен Латын Америкасын өзара іс-қимылдың дамыған инфрақұрылымы — ынтымақтастық туралы меморандумдар желісі, соның ішінде Латын Америкасы өңірінің барлық дерлік елін біріктіретін халықаралық ұйымдардың басым бөлігімен байланыстырады. Алайда біздің экономикалық әлеуетімізге сай келетін тауар айналымының сенімді өсуі түрінде экономикалық тиімділік алу үшін әлі де көп жұмыс істеуіміз керек және бұл жұмыс жаңа экономикалық шындыққа сәйкес құрылуы керек», — деді Сергей Глазьев.

Министрдің пікірінше, ЕАЭО мен Латын Америкасы арасындағы сауданы сапалық жаңа деңгейге көтеруге қабілетті қажетті өзгеріс тауарлық есеп айырысулардың жаңа валюталық жүйесіне көшу бола алар еді.

«Біз санкцияларға байланысты одан әрі шығындарды болдырмау үшін халықаралық құқыққа негізделген жаңа әлемдік есеп айырысу валютасын құру қажеттігінің алдында тұрмыз», — деп атап көрсетті Комиссия өкілі.

БРИКС-тің әділетті және орнықты әлемдік тәртіпті қалыптастыру процесінде өсіп келе жатқан рөлі туралы айта келіп, Сергей Глазьев және сессияның басқа да спикерлері, бұл мемлекетаралық бірлестік жаңа валюта-қаржы және сауда-экономикалық архитектураны іске қосатын «ядроға» айналуы мүмкін деп бағамдайды.

«БРИКС Еуразияда да, Латын Америкасында да, Африкада да орналасқан елдерді қамтиды. Бұл халқы, экономикасы және ғылыми-техникалық әлеуеті жағынан бүкіл Батыс әлемінен әлдеқайда көп. Алайда осы бірлестіктің қызметі үшін тиімді құрылымдар құру қажет», — деп мәлімдеді министр.

Форум аясында Сергей Глазьев сондай-ақ Кубаның Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Рикардо Кабрисаспен кездесу өткізді, оның барысында тараптар 2021-2025 жылдарға арнлаған Бірлескен іс-шаралар жоспары шеңберінде 2022 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған семинарлар тақырыбын айқындады. ЕЭК өкілі бұл елді ЕАЭО Фармакопеялық комитеті жанындағы байқаушы мәртебесін алуымен құттықтай отырып, Одақ пен Кубаның фармацевтика саласындағы өзара іс-қимылының жоғары деңгейін тиянақтап айты. 

Өз кезегінде Рикардо Кабрисас ЕАЭО өкілдерін 2022 жылғы қарашада өтетін FIHAV Гавана халықаралық жәрмеңкесіне қатысуға шақырды.

Анықтама

2021 жылы Одақтың Латын Америкасы елдерімен сыртқы тауар айналымы 54,4% өсті және 16,9 млрд долл.,құрады, соның ішінде Одақ экспорты 2,2 есе — 8,7 млрд долл., дейін, ал импорт – 17,3% — 8,3 млрд долл.дейін өсті. Латын Америкасы елдерімен тауар айналымының үлес салмағы Одақтың сыртқы сауда айналымының 2,1%-ын құрайды.

ЕАЭО және Латын Америкасы өңірі өзара іс-қимыл шеңберінде интеграциялық бірлестіктермен (Анд қоғамдастығы, Тынық мұхиты альянсы, Оңтүстік Америка елдерінің ортақ нарығы (МЕРКОСУР), Орталық Америкадағы экономикалық интеграция жөніндегі Хатшылық (СИЕКА) диалогты дамытады, сондай-ақ жекелеген елдермен (Куба, Чили, Перу, Эквадор, Никарагуа, Венесуэла, Гватемала, Аргентина, Колумбия, Мексика) ынтымақтасады.

«Ресей-Латын Америкасы» сессиясына сондай-ақ Никарагуа Қаржы министрі Иван Акоста Монтальван, «Инфотехспектр» ЖШҚ («Ростех» КТ) бас директоры Сергей Гореславский, Gazprom EP International BV директорының орынбасары Владимир Илянин, Robotics Lab бас директоры Родриго Кеведо, Орталық Америка парламентінің президенті Даниэль Ортега Рейес, Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес Гомес, Uniao Quimica Farmaceutica Nacional SA директоры Рожерио Россо, «ФосАгро» ЖарАҚ басқармасының мүшесі Александр Шарабайко және басқалар қатысты.