Жаңалықтар

08.06.2022 (Обновлено: 17.06.2022 11:32)

ЕЭК-тің жедел комитеті Қырғызстан-Қазақстан шекарасындағы даулы жағдаятты және басқа мәселелерді қарады

Келіспеушіліктер мен даулы жағдаяттарды жою және тауарлардың еркін өткізілуін қамтамасыз ету жөніндегі жедел комитеттің отырысында Қырғызстан-Қазақстан мемлекеттік шекарасының бақылау-өткізу пункттеріндегі жағдаят, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтағы химия өнімі айналысының және Тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру мәселелері талқыланды. Отырыс 8 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің төрағалық етуімен болып өтті.

Еске сала өтсек, 26-27 мамырда Бішкекте Еуазиялық экономикалық форумды және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын өткізу шеңберінде Қырғыз тарапы Қырғызстан-Қазақстан мемлекеттік шекарасының бақылау-өткізу пункттеріндегі даулы жағдаят туралы мәселе көтерді. Осыған байланысты Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министр Максат Мамытканов басқарған Комиссия өкілдері Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің өкілдерімен бірге өткізу пункттерінде болды.

Комитет отырысында тараптар өз позицияларын ұсынды, оларды талқылау қорытындысы бойынша жұмыстың екіжақты форматын жалғастыру ұсынылды.

«Бірінші кезекте ақпараттық алмасуды жетілдіру қажет. Екіншіден, тараптардың шекараға бағыт алған жүк тасымалдаушыларды ішкі бақылауды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Және, ақырында, өткізу пункттерінің қайта құрылуы қажет», — деп атап көрсетті Михаил Мясникович.

Отырысқа қатысушылар сондай-ақ ЕАЭО-дағы химия өнімін айналысқа шығаруды реттеуді қамтамасыз ететін құжаттар қабылдауға орайлас тәсілдемелерді талқылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Одақ елдеріндегі мемлекетішілік келісу қорытындылары бойынша ЕАЭО-ның «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер жобасын пысықтауда. Өзгерістер жобасында аз тонналы (жылына 1 тоннадан аз көлемде өндірілетін немесе ЕАЭО нарығына әкелінетін) химиялық өнімді және химиялық қоспаларды мемлекеттік тіркеу мәселелерін нақтылау ұсынылады. 1 шілдеге дейін пысықталған құжат одан әрі қарау үшін Комиссияға енгізіледі деп шешілді.

Бұдан басқа, тараптар Қазақстан аумағынан басқа мүше мемлекеттерге тауарларды өткізу кезінде есепке алу жүйесін қолдану мәселесін қарады, оларға қатысты Қазақстан ЕАЭО БКТ-мен салыстырғанда кедендік әкелу баждарының неғұрлым төмен ставкаларын қолданады. Бұл Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына қатысты міндеттемелеріне байланысты. Бұл тақырыпты 10 маусымда Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданды.

Комитет сондай-ақ ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыруға қажетті Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне өзгерістерді талқылады. Атап айтқанда, сөз қадағалап отыруды қолдану туралы шешім қабылдаудың деңгейі жайында болып отыр.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі