Жаңалықтар

16.11.2022 (Обновлено: 24.11.2022 12:46)

ЕАЭО елдері органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің еркін саудасы туралы келісімге қол қоюды жоспарлауда

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында Еуразиялық экономикалық одақта органикалық өнімді тану тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлданды. Құжат 2023 жылғы 10 наурызға дейін Одақ мемлекеттерінде мемлекетішілік келісуден өтеді. 

"Келісім ЕАЭО шеңберінде органикалық өнімді өндіруге және таңбалауға қойылатын талаптарды біріздендіруге мүмкіндік береді, бұл сәйкестік сертификаттарын өзара тануға және осы өнімнің еркін айналысына негіз болады. ЕАЭО елдерінің барлық өндірушісінің 180 млн. астам тұтынушысы бар ортақ нарыққа қол жеткізуі ЕАЭО-да органикалық сектордың даму қарқынының өсуіне, органикалық өндірісті әртараптандыруға және Одақ елдерінің ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кооперациясы негізінде органикалық өнімді өңдеуді тереңдетуге жақсы ынталандыру болады", — деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян. 

Келісім мүше мемлекеттерде өткізілетін органикалық өнімді таңбалауға қойылатын талаптарды біріздендіруді, өнімді таңбалауда "органикалық", "биологиялық", "экологиялық" терминдерін бірдей пайдалануды, сондай-ақ органикалық өнім өндірісінің оның қаптамасына сәйкес келуінің бірыңғай белгісін орналастыруды көздейді.

Анықтама

Құжат жобасын әзірлеу Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2021 жылғы 20 тамыздағы № 16 өкімімен бекітілген ЕАЭО шеңберінде органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің ортақ нарығын қалыптастыру жөніндегі жол картасында көзделген.

Әлемдік органикалық өнімді тұтыну нарығы соңғы онжылдықта орнықты өсу көрсетіп отыр. 2020 жылы бұл салада кезекті рекордтық деңгейге – 129 млрд долларға қол жеткізілді, бұған Еуропалық Органикалық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (FiBL) 190 ел бойынша деректері дәлел бола алады.

Органикалық тұтыну нарығының 80%-дан астамы Солтүстік Америка (57 млрд доллардан астам) және Еуропа (56 млрд доллар) елдерінде шоғырланған, Азия елдерінің нарығы 13,5 млрд долларға бағаланады.