Жаңалықтар

10.09.2021 (Обновлено: 12.01.2022 15:53)

ЕЭК-ке ЕАЭО-дағы интеграцияның әсерлерін бағалау әдіснамасы ұсынылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы жанындағы Ғылыми-техникалық кеңестің сарапшылық тобының отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың экономикасына интеграцияның жиынтық әсерін бағалаудың алдын ала нәтижелері, сондай-ақ бағалау әдіснамасы ұсынылды.

Бұдан бұрын осындай модель құруды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Бастама 2025-Стратегияларына кірістірілді. Үстіміздегі жылғы маусымда Ғылыми-техникалық кеңес әдіснаманы әзірлеу тәсілдемелерін мақұлдады.

ЕАЭО экономикасына кешенді әсерді бағалау әдіснамасы Комиссия әзірлеген «шығындар-шығару» еларалық кестелеріне (ШШЕК) негізделген. Олар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзара саудасы, өзара инвестициялар мен еңбек ресурстары көші-қоны (жұмыс күшінің импорты мен еңбек мигранттарының ақшалай аударымдары арқылы) көрсеткіштерінің ЖІӨ-ге үлесін есептеу арқылы тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбектің бірыңғай нарықтарының Одақ елдерінің экономикасына ықпалын бағалауға мүмкіндік береді.

Осы әдіснаманы пайдалана отырып, Комиссия Ресей Ғылым академиясының Халық шаруашылығын болжау институтымен бірлесіп, 2016 жылғы және 2020 жылғы мүше мемлекеттер экономикасына және тұтастай ЕАЭО-ға интеграцияның жиынтық әсерінің алдын ала есептеулерін жасады.

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев Одақтың барлық елі де пайдалы жағында екенін атап өтті. Оның сөзінше, ұсынылған әдіснама қарапайым әрі түсінікті, ал алынған нәтижелер тараптар үшін қызықты болатыны сөзсіз.

«Өткен жылы өзара сауда 11%, үшінші елдерге экспорт 21% құлдырады. Біз мұны өзара сауданың аз төмендеуі сыртқы құлдыраудың орнын толтыратындай етіп түсіндіреміз, яғни зиянды өтеу Одақ ішіндегі байланыстарды нығайту арқылы жүзеге асырылады»,- деп атап өтті Сергей Глазьев.

Сарапшылық топ Комиссияның әзірлемесін жоғары бағалады. Еуразиялық интеграцияның мемлекеттер экономикасына үлесін бейнелейтін бағалау моделін әзірлеу жөніндегі ұсыныстар және есептеулер нәтижелері 2021 жылдың үшінші тоқсанында Одақ органдарының отырыстарында ұсынылады.