Жаңылыктар

03.08.2022 (Обновлено: 08.08.2022 14:18)

Армен Арутюнян Дубайдағы жаһандық форумда ЕАЭО-дағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен таныстырды

Сатылас егіншілік жөніндегі ІІ халықаралық форумда Еуразиялық экономикалық комиссияның Агроөнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Армен Арутюнян Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің азық-түлік қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету мәселелері ЕЭК-тің басты назарында тұратынын атап көрсетті. Соңғы бірнеше жылда Одақ елдерінің азық-түлік секторы серпінді даму көрсетуде — 2021 жылы өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіші 93%-ға жетті.

«ЕЭК бірқатар бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Одақ деңгейінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен тәсілдемелері бекітілген. Бұл азық-түлік нарығын тұрақтандырудың, кепілді өзара жеткізілімдерді қамтамасыз етудің, сондай-ақ ЕАЭО-ның ортақ аграрлық нарығында бар тосқауылдар мен шектеулерді жоюдың шынайы механизмдерін қалыптастыру жөніндегі маңызды қадам», — деп хабарлады ЕЭК департаментінің директоры.

Армен Арутюнян сатылас ауыл шаруашылығының көмегімен орнықты және кінәратсыз қалалық орта құру жөніндегі форум сессиясы шеңберінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалалық агроөнеркәсіптік өндірістердің әлеуетін пайдалану тақырыбы бойынша баяндама жасай отырып, Одақта АӨК-ке ESG қағидаттарын енгізу мәселелерін талқылау туралы айтты.

Бұдан басқа, Одақтың жемістер мен көкөністер бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуінің төмен деңгейін назарға ала отырып, Комиссия ФАО-мен бірлесіп Одақ елдерінде жеміс шаруашылығын дамыту жөнінде ұсынымдар дайындайды.

ЕЭК ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және өндірістік процеске өзекті технологиялық шешімдерді ендіруге де назар аударады. Мысалы, Алқаның дәлме-дәл егіншілік технологияларын пайдалануды ынталандыру жөніндегі ұсынымы қабылданды.

Форум аясында ЕЭК департаментінің директоры бірқатар жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізді. Атап айтқанда, Spire компаниясының президенті Упали Карунаратнамен ЕАЭО-да ауыл шаруашылығы бойынша ғылыми-технологиялық кластер құру мүмкіндіктерін, ал Cyber Farms бас директоры Грег Джагермен шағын және орта ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың жаңа модельдерін, агроөнеркәсіптік кешенде озық технологияларды ендіруді талқылады