Жаңылыктар

21.05.2021 (Обновлено: 29.12.2021 11:23)

ЕАЭО-да макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары айқындалды

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 21 мамырдағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары макроэкономикалық саясаттың 2021-2022 жылдарға арналған негізгі бағдарларын бекітті. Құжат ЕАЭО елдерінің экономикалық дағдарыс салдарын еңсеруін және озыңқы даму траекториясына шығуын мақсат тұтады. Құжатта атап өтілгендей, бұл ретте мемлекеттерді экономикалық даму деңгейі бойынша біртіндеп жақындатуды қамтамасыз ете отырып, Одақ елдерінің жылына 4,5–5,5% қарқынмен өсу траекториясына шығу мүмкіндігі бар екендігі атап өтілген. Бұған 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарды дәйекті іске асыру ықпал ететін болады.

ЕАЭО-дағы экономикалық өсуді жеделдету үшін өндірістік қуаттарды, еңбек ресурстарын және ғылыми-техникалық әлеуетті тиімді пайдалану негізінде инвестициялық және инновациялық белсенділікті үдемелі өсіру қажет.

«Күш-жігерді ұзақ мерзімді инвестициялардың барлық ықтимал көздерін жандандыруға және олардың экономикаға түсу арналарын кеңейтуге бағыттау керек. Инвестициялардың маңызды бағыттары негізгі қорларды толықтыру және жаңғырту, адами капиталды дамыту, инновациялық белсенділікті күшейту және жаңа технологияларды ендіру болуға тиіс», – деп атап өтілген құжатта.


Еуразиялық экономикалық комиссияның болжамдары бойынша орташа мерзімді перспективада Одақ мемлекеттерінің бюджеттері тапшылықты болып қалады және экономика жеке сектордың инвестицияларын қаржыландыру үшін қаражат ағынына аса мұқтаж болады.

Сонымен қатар, Одаққа 2020 жылы түскен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі екі еседен астам төмендеп, шамамен 16,5 млрд АҚШ долларын құрады. 2021 жылы олардың көлемі 17,3 млрд АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін. 2020 жылы өзара тікелей инвестициялар 1,2 млрд АҚШ долларын құрады және олардың шамамен 1,3 млрд АҚШ долларына дейін аз-кем болжамды өсуі 2021 жылы сыртқы қаржыландыру көздерінің қысылуын өтей алмайды.

Инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорынның өз қаражаты болып қала береді. Бірақ олардың инвестициялық белсенділігін кірістердің азаюы және капиталды операциялық шығындардың пайдасына мәжбүрлі қайта бөлу тежейді.

«Капитал нарығын дамыту қысқа мерзімді бос қаражатты ұзақ мерзімді инвестицияларға тиісті дәрежеде трансформациялауға мүмкіндік берер еді», — делінген баяндамада.


Негізгі бағдарлар мына бағыттарды қамтиды:
• макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру мен инвестициялар көлемін ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру;
• өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік кооперацияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
• Одақтың ғылыми-технологиялық және өндірістік әлеуетін дамыту;
• Одақтың ішкі нарығының мүмкіндіктерін және үшінші елдермен өзара тиімді қатынастарды кеңейту.

ЖЕЭК ЕАЭО мемлекеттерінің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктеріне макроэкономикалық саясатты жүргізу кезінде негізгі бағдарларды ескеруді ұсынды.