14.10.2021
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері басшыларының, Куба Республикасының Президенті Мигел Диас-Канелдің, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитеті Төрағасының орынбасары Денис Трефиловтің, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Николай Подгузовтың қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы болып өтті. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері басшыларына ЖЕЭК-тің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы тапсырмасының орындалуы туралы – Одақтың ортақ газ нарығында баға және тариф белгілеуге қатысты тәсілдемелерді келісу және ішкі тұтыну үшін үшінші елдерден газ тасымалдауға тариф белгілеу мәселесі бойынша атқарылған жұмыс туралы баяндалды.
Ағымдағы сәтке газдың, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру тұжырымдамасы мен бағдарламасы бекітілді және бүгінгі таңда оларды орындауға бағытталған іс-шаралар қарқынды іске асырылуда.
Ортақ газ нарығын құру барысында баға белгілеуге, биржалық сауданы дамытуға және газ тасымалдау жүйелеріне тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге айрықша назар аударылатын болады. Атап айтқанда, биржалық сауда-саттық тәртібі қатысушы елдердің үкіметтерімен және ұлттық биржалармен бірге қазірдің өзінде әзірленуде. Ортақ газ нарығын 2025 жылдан бастап іске қосу жоспарлануда.
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құрудың екінші кезеңіне кірісуге жол ашты. Бірінші кезеңнің қорытындысы шығарылды: бұл кезеңнің барлық жоспарланған іс-шаралары орындалды.
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің климаттық күн тәртібі шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастық туралы мәлімдемесін қабылдады.
Жоғары кеңес Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі оларға қатысты кедендік әкелу бажының ставкасын өзгерту туралы шешім қабылдайтын сезімтал тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізді. Өзгерістер тізбені Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасының 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа редакциясына сәйкес келтіру үшін дайындалған.
Жоғары кеңестің келесі отырысы 10 желтоқсанда Алматыда (Қазақстан Республикасы) болады.