Font size: A A A
Site colors: C C C
Standard web site version
Выберите язык
14.10.2021

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко әріптестерін Дүниежүзілік стандарттар күнімен құттықтады

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко Еуразиялық экономикалық комиссия атынан және жеке өз атынан Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі және үшінші елдердегі әріптестерін Дүниежүзілік стандарттар күнімен құттықтады.

Виктор Назаренко жыл сайын әлемдік қоғамдастық 14 қазанда кәсіби мерекені атап өтетінін айтты. 2021 жылы Дүниежүзілік стандарттар күні «Стандарттар Орнықты даму мақсатына жету үшін» девизімен өтуде. Қазіргі заманғы әлемдік экономиканың трансформациясы жағдайында халықаралық стандарттар ең сан алуан салалар мен экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларды біріктіретін «көпірлер желісі» тәрізді Орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін берік негіз қалайды.

ЕЭК министрінің сөзінше, Одақтың барлық мемлекеті экономиканы жаңғыртуға бағдарланған өздерінің ұлттық стратегиялары шеңберінде жоғары технологиялар индустриясын ілгерілетуге, инновациялық экожүйе мен цифрландыруға ерекше көңіл бөле отырып, Орнықты даму мақсаттарына жету жөнінде қадамдар жасауда. ЕАЭО шеңберінде іске асырылатын интеграциялық процестер бұл мақсаттарға қол жеткізудің қосымша факторлары ретінде бой көрсетеді.

Одақтық мемлекеттердің жасыл технологиялар, энергия үнемдеу, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, нанотехнологиялар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жаңа шешімдер мен инновацияларды қабылдау әрі пайдалану жөніндегі күш-жігерін біріктіру Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының интеграциялық басымдықтарының бірі болып табылады.

ЕЭК министрі халықаралық стандарттар инновацияларды ендіру үшін әлемдік деңгейде танылған озат технологиялар мен тәсілдемелерді бейнелей отырып, нарықтың барлық қатысушылары өзара жеткізілетін қызметтер мен өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасына сенімді бола алатын жалпыға бірдей сенім кеңістігін құруға ықпал етеді деп атап көрсетті.

Виктор Назаренко шын жүректен өзінің кәсіби қызметін стандарттау саласымен байланыстырған барлық басшылар мен мамандарға экономиканы жақсартуға және орнықты дамытуға бағытталған стандарттаудың қазіргі заманғы әрі үйлесімді ортасын құруда жаңа жетістіктерге жете беруді тіледі.