Жаңалықтар

24.04.2024

Арзыбек Кожошев: "ЕАЭО-ның энергетикалық перспективалары қазіргі заманғы көміртексіздендіруге көшу және климаттық күн тәртібінің басымдығы сияқты трендтерді ескеруге тиіс"

Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО елдері ғылыми және бизнес-қоғамдастығының өкілдері ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошевтың төрағалығымен өткен осы аттас халықаралық дөңгелек үстелде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің энергия үнемдеу, экология және жаңғыртылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту саласындағы отын-энергетикалық кешенін дамыту перспективаларын талқылады. Іс-шара 24 сәуірде Мәскеуде Комиссия алаңында болып өтті.


Арзыбек Кожошев Одақтың әрбір мемлекетінің экономикасын көміртексіздендірудің және энергия тиімділігін арттырудың кезеңді кешендік жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Пікірсайыс барысында Еуразиялық "бестік" елдерінің отын-энергетикалық кешенінің төмен көміртекті даму перспективалары, ЖЭК дамуын ынталандыру механизмі ретінде жасыл сертификаттар шығару және тағы басқа мәселелер талқыланды.

"ЕАЭО-да энергетикалық ресурстарды әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, ғылыми және инновациялық зерттеулердің өсуі және жоғары технологиялық өнім көлемінің тиісті ұлғаюы есебінен мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жаңа серпім бере алатын жаңғыртылатын энергетиканы дамытудың айтарлықтай әлеуеті мен барлық алғышарты бар", — деп мәлімдеді ЕЭК министрі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар көміртексіздендіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты талқылау кезінде Азия өңірі елдеріндегі (ҚХР, Үндістан, Жапония) энергетикалық ауысу тақырыптамасына, БҰҰ-ның Климаттың өзгерісі жөніндегі негіздемелік конвенциясына қатысушылардың кезекті конференциясының күн тәртібіне және шығарындылар саудасы жүйесін дамыту перспективаларына баса назар аударды. Атом энергетикасын дамыту тақырыбы және Қытайдағы жасыл жобаларды қолдау шаралары жан-жақты қаралды. Үндістандағы күн энергетикасын дамыту жобалары, ЕАЭО мемлекеттері мен Сауд Арабиясының таза энергия өндіру саласындағы ынтымақтастығының мысалдары талқыланды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен мәлімдеме қабылдады, онда ЕАЭО елдерінің жаңғыртылатын энергетиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимылын кеңейту қажеттігі атап көрсетіліп, Одақта энергия үнемдеу, экология және ЖЭК дамыту саласындағы интеграцияны кеңейтудің елеулі әлеуеті атап өтілді.